Kyzylorda-news.kz. Сырдария аудандық мәдениет үйінде 1 қазан — қарттар күні мерекесі аталып өтті.
Салтанатты шараға аудан әкімі Мұрат Ергешбаев қатысып ардақты ардагерлерді мерекесімен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.
«Халқымызда «Қариясы бар ел – қазыналы ел» деген тағылымы мол даналық сөз бар. Біз, әрқашан қариясын қадірлеп, ардагерін ардақтаған текті елдің ұрпағымыз. Ардагерлерді құрметтеу, олардың сөзіне құлақ асу – біздерге бабадан сіңген қасиет. Алыптарға алтын бесік болған Сырдария ауданының өсіп-өркендеуі жолында әр алуан салада нағыз еңбектің үлгісін көрсеткен ардагерлерімізге құрметіміз ерекше. Дархан далада күріштен тау тұрғызған «Социалисттік Еңбек Ерлері», «Еңбек Озаттары», егін даласында ерлермен қатар жүріп, абыройға ие болған есімдері ел-жұртқа танымал күрішші, механизатор, сауыншы апаларымызбен, сондай-ақ денсаулық, мәдениет, білім, әлеуметтік салаларында қажырлы еңбек еткен ардагерлеріміздің игі істері жастарға үлгі», — деді аудан әкімі өз сөзінде.
Шара барасында бірнеше ардагер «Ел құрметі» қоғамдық қорының төсбелгісімен және аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Шара соңы ардагерлерге арналған мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.


