Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» жарлығына сәйкес Сырдария ауданының әкімі Ергешбаев Мұрат Нәлхожаұлының кент және ауылдық округ халқымен ІІІ тоқсандағы кездесуі өтті. Аудан әкімі ең алдымен Айдарлы ауылының тұрғындарымен кездесіп қайтты.
Айдарлының аяқ суы шешілсе…
Ауыл тұрғындарымен кездескен аудан басшысы 2022 жылдың бірінші жарты жылдығында атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарлармен таныстырды.
Жалпы Сырдария ауданы аграрлы аудан болып саналады. Қазіргі таңда су тапшылығын өткізіп отырған аймақ бойынша суды үнемдеу және егін шаруашылығын әртараптандыру мәселесі күн тәртібінде тұр. Сонымен қатар, аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасымен азық-түлік белдеуін қалыптастырып, экологиялық таза өніммен қамтамасыз ету мақсатында әрбір ауылда бақшалық жерлер ашылуда. Аудан бойынша 210 гектар жер дайындалып, 840 адам 90 гектарға картоп, 20 гектарға көкөніс, 100 гектарына бақша дақылдары егілді. Осы Айдарлы ауылында бұл мақсатта арнайы жер ашылып, ауыл жастары «Жастар» бригадасын құрып, 5 гектар жерге қауын-қарбыз, 5 гектар жерге картоп егуде. Егін егуге ең қажетті аяқ су мәселесі болса, биылғы жылы облыстық бюджет есебінен Айдарлы ауылының Ақтам каналы тазартылып, ауылға аяқсу жетті. Су тапшылығының алдын алу мақсатында СНП – 500 насос қондырғысы беріліп, егін алқаптарын суарылуда.
Келер жылы да су тапшылығы болуы әбден ықтимал. Бұл қиындыққа ауыл халқы алаңдаулы. Сол себепті, биылдан бастап ауылға келетін каналдарға механикалық тазарту жұмыстарын жүргізуді сұрайды.
Аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы мәселені бақылауға алып, арнайы мамандарды шақыртып, аяқсу мәселесін қайта қарауды тиісті сала басшыларына тапсырды. Егер аяқсу мәселесі шешілсе, ауылға арнайы инвестор тарта отырып, жаңа жұмыс орындарын ашу өте маңызды екенін және әрбір елді мекендегі халықтың мәселесін шешу күн тәртібінен түспейтінін жеткізді.
Жетікөлде жұмыссыздық көп
Аудан әкімінің келесі кездесуі Жетікөл ауылдық округінде өтті.
Кездесу барысында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер айтылып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Биылғы жылы ауылдың «Жетікөлжарма» арнасынан су алатын «Военторг» каналынаоблыстық бюджет есебінен тазарту жұмыстары жүргізілді. Бұл каналға сонау 90-жылдардан бері су жіберілмеген. Іші көміліп, аяқ судың келуіне мүмкіндік жоқ жағдайына жеткен болатын. Қазір аталған каналдың 4,9 шақырымы толығымен тазартылды. Соның арқасында ең алдымен ауыл халқының аяқ су мәселесі шешімін тапты және ауыл халқының бау – бақша өнімдерін егуге мүмкіндігі туды.
Жетікөл ауылына «Алиакбар ата-Агро» шаруа қожалығы 30 егін егілмеген жердің 22 гектарына жүгері, 23 гектарына бақша дақылдарын егіп, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр.
Сонымен қатар, Украина елінің инвесторлары келіп, жерді игеру жұмыстарын жүргізуде. Биыл 250 гектар жерге күздік бидай егіп, келер жылы жүгері, арпа, тары секілді әртүрлі дәнді дақылдар егуді жоспарлауда. Осы жұмыстар нәтижесінде, ауылдағы 9,3 пайыз жұмыссыздық мәселесін шешу қажеттігін аудан басшысы Мұрат Нәлхожаұлы ауыл әкіміне қатаң тапсырды.
«Ауыл тұрғындарын кәсіппен айналысуға тарту, мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін пайдаланып, өзін-өзі қамтыған азаматтар санын артырыу қажет. Басқа ауылдармен салыстырғанда жұмыссыздық деңгейі өте жоғары. Қазіргі мүмкіндіктерді толығымен пайдаланып бұл көрсеткішті дұрыстау керек. Ауылда жұмыссыз азаматтар болмағаны дұрыс»,- деді аудан әкімі.
Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтар мен ұсыныстар жауаптар беріліп, тиісті сала басшыларына бақылауға алуды тапсырды.
Аманкелдіде аурухана қашан ашылады?
Аманкелді ауылындағы аудан әкімінің кездесуі дәрігерлік амбулаторияның алдында өтті.
Бұл ауыл және оған жақын орналасқан Айдарлы, Жетікөл ауылдары үшін бұл дәрігерлік амбулаторияның орны ерекше. Аудан орталығынан шалғай жатқан ауыл тұрғындары бір аурухана сұрағаны біраз болды. Аурухана ашу бюджет тапшылығына сәйкес мүмкін емес. Ал алдын алу, күндізгі ем-дом жүргізу үшін күндізгі стационар жұмыс жасайды. Ең қуанатын жағдай анализ тапсыру үшін ауданға сабылмай, осы емханада арнайы лоборант штаты ашылып, осы жерде қабылдау жүргізілуде. Бұл аталған ауылдар үшін уақыт және қаржы үнемдеуге өте қолайлы болды.
Тұрғындар өз алғыстарын жеткізіп, алдағы уақытта шешілуі тиіс аяқсу, қоғамды қауіпсіздік, кәсіпкерлік және тағы да басқа мәселелерді көтерді.
Аудан әкімі әрбір тұрғынның мәселесін тыңдап, тез арада шешу жолдарын қарастыруды тиісті сала басшыларына жүктеді.
Берекелі Бесарықтағы кездесу
Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Аманкелді ауылынан соң Бесарық ауылдық округінде болды. Мұнда да тұрғындармен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Бесарық ауыл соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Жоспарлы инфрақұрылым жүргізіліп, халықтың тұрмыс-тіршілігіне қажетті жан-жақты жұмыстар атқарылуда.
Биылғы жылы аталған елді-мекенде құны 246 млн. теңгені құрайтын ұзындығы 8,4 шақырым 6 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар 380 млн. теңгеге жаңадан спорт кешенінің құрылысы салынуда.
Аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы тұрғындардың талап-тілектеріне орай, тиісті сала басшыларына нақты шараларды қолға алуды жүктеді. Аудан басшысы барлық ұсыныстар бақылауында болатындығын жеткізді.
Аудан әкімінің сапары одан әрі жалғасты.
Қоғалыкөлдегі келелі кездесу
Мұрат Ергешбаевтың келесі сапары Қоғалыкөл ауылында өтті.
Елді мекенде өткен жүздесуде тұрғындар аудан әкіміне жайылымдық жерлер, ауыл айналасындағы көлдер, жер мәселесі, ойын алаңдары секілді сауалдарын жолдады.
Бүгінде Қоғалыкөл ауылында 58,1 млн. теңге көлемінде Тілеу ұста және Сәтбаев көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Қызылорда-Қоғалыкөл-Шіркейлі» автомобиль жолы 146,5 млн. теңге қаржыға жөндеу жұмыстары атқарылды. Бұл жұмыстарға ауыл тұрғындары алғыстарын жеткізіп, алдағы уақытта жөндеуді қажет ететін көшелерге назар аударуды ұсынды.
Кездесуде аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы ауданның барлық елді мекендерінің мәселелері басты назарда болатынын, мемлекет тарапынан барынша қолдау жасалынатындығын, айтылған әрбір ұсыныстың ескерусіз қалмайтындығын жеткізді.
Шіркейліліктер кәсіпке құштар
Аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың кезекті кездесуі Шіркейлі ауылында ұласты. Мұнда да ауыл тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Ауылдағы басқосуда тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Әсіресе, тұрғындардың кәсіп ашуға және мемлекеттік бағдарламаларды білу туралы ұсыныстары көп болды. Тиісті сала мамандарымен түсіндірмелер берілді.
«Биылғы жылдың 1 шілдесіне тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2533 бірлікті құраса, жұмыс жасап тұрғаны 2386, белсенділік көрсеткіші 94,5 пайыз. Сонымен қатар жыл аяғына дейін несиелендіруді қажет ететін құны 1,2 млрд.теңгені құрайтын 237 жобаның тізімі жасақталып, тиісті қаржы ұйымдарына ұсынылуда. Бұл жұмыстарға Шіркейлі ауылының кәсіпкерлері қатысуда. Дегенмен, ауыл әкімі әрбір кәсіп ашамын деген ауыл азаматын сүйемелдеп, барлық мүмкіндіктерді қарастырып, тиісті мемлекеттік қолдауларды түсіндіру керек. Әрбір кәсіпкер бұл өзін-өзі қамтыған, жұмыссыздық деңгейін төмендетін адам. Ол экономикамызға елеулі үлес қосады», – деді Мұрат Ергешбаев.
Аудан әкімі шіркейліліктердің көтерген мәселелері назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Барлық ауылдағы мәселелер мен атқарылатын жұмыстарды қауымдастық жиындарында талқылап, тұрғындардың ұсыныстарын қатаң ескере отырып жұмыс жасауды ауыл әкіміне тапсырды.
Батырлар ауылындағы есеп
Аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың ауылдық округтердегі кездесуі батырдың атындағы ауыл Нағи Ілиясовта жалғасты. Кездесуде жергілікті халықтың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
«Аудан бойынша 2022 жылы барлығы 33,1 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде: негізгі дақыл күріштің көлемі – 20 728 гектар. Мал шаруашылығында төрт түлік мал басы мен өндірілген өнім көлемінде де тұрақты өсім бар. Аудан аграрлы мекен екенін белгілі. Бұл салада, әрине, Н. Ілиясов ауылының орны ерекше. Республикамыздың Еңбек Ері Абзал Ералиев батырымыз, ауданның «Құрметті Азаматы», мәслихат депутаты Дархан Ералиевтей азаматтарымызға ауылдағы тынымсыз тірліктеріне алғыс білдіреміз»,-деді Мұрат Ергешбаев.
Нағи ауылы республикаға танымал, келбеті келіскен, көрікті, «Үлгілі ауыл» номинациясының бірнеше дүркін иегері атанған елді мекен. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жоғары, күрделі мәселелер жоқ, көп шаруа ауыл тұрғындарымен келісе отырып, шешімін тапқан.
Ауыл тұрғындары қосымша кәсіп ашуға, орта және шағын бизнесті дамытуға ыңғайланған.
Сондықтан тұрғындардың аудан басшысына деген сұраулары кәсіп ашу және оған қаражат тарту төңірегінде болды. Жеңілдетілген несиелер алу, қайтарымсыз гранттар бойынша ұсыныстар айтылды.
Аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы ауыл азаматтарының кәсіп ашуға деген ынтасына ризашылығын білдіріп, тиісті сала басшыларына ауыл тұрғындарына толық түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Шаған ауылының тұрғындары белсенді
Кезекті кездесу Шаған ауылында жалғасып, аудан басшысы шағандықтардың да талап-тілегін тыңдады. Мұрат Ергешбаев халық алдында атқарылған істер мен алдағы жоспарлар жайында есеп берді.
Еркін форматта өткен бас қосуда аудан басшысы ауданда атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы күндері іске асатын жоспарлармен бөлісті.
Жиналған жұртшылық кездесу барысында аудан әкіміне ауылдағы түйіткілді мәселелер бойынша, нақтырақ айтсақ көше жөндеу, жарық мәселесі, ауыз су, аяқ су, аурухана мәселелері төңірегінде талап-тілектерін білдірді.
Аудан басшысы әрбір тұрғынның сауалдарына жеке-жеке тоқталып, барлық ұсыныс-пікірлер ескерілетінін және шешілу жолдарын қарастыратынын жеткізді.
Сонымен қатар, алдыңғы кездесулерде көтерілген бірқатар мәселелердің шешімін айтты.
Бақша дақылдарына бай ауыл – Іңкәрдария
Одан әрі аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Іңкардария ауылдық округі халқымен кездесті.
Кездесуде аудан басшысы бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарлармен таныстырды.
Бақша дақылдарына бай Іңкәрдария ауылы тұрғындарының талап.- тілектерін тыңдап, тиісті сала басшыларына зерделеп, нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Айта кетейік, биыл Іңкәрдария ауылының 90 отбасы ауыл сыртынан 110 гектар егістік алқапқа бақша, оның ішінде қауын-қарбыз, картоп, сәбіз және көкөністер егіп, ала жаз бойы өздері баптап-өсірген дақылдарының алғашқы өнімін күтуде.
Ақжарма-тіректі елді мекен
Аудан әкімінің халықпен кезекті кездесуі Ақжарма ауылында ұласты. Кездесу барысында ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Мемлекеттік «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында Ақжарма ауылдық округінде ауқымды жұмыстар жүргізілген. Аталған бағдарлама аясында жоба құны 186,7 млн. теңгені құрайтын Ақжарма елді мекенінің 5 көшесін орташа жөндеу, жарықтандыру жұмыстары жүргізілген.
Ауылда аяқ су, ауыз су мәселелері шешімін тапқан. Аймағымыздың экономикасына дамытуда ерекше орын алатын, тіректі елді мекен қатарындағы ауылда толымды тірліктер жүргізілуде.
Тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстар зерделеніп, тиісті жұмыстар атқаруды жауапты басшыларға аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы тапсырды.
Қалжан ахун ауылына көгілдір отын келер күн алыс емес
Аудан әкімі ауданға қарасты Қалжан ахун ауылына да ат басын тіреп, халық алдында есеп беріп, тұрғындардың ұсыныстарын тыңдады.
Аудан әкімі ауыл халқы алдында 2022 жылдың өткен мерзімінде жасалған жұмыстарды баяндап, алдағы күндері атқарылатын істерді пысықтады.
«Қалжан ахун ауылы іргелі ауылдардың бірі. Шаруашылығы жолға қойылған, бірлігі артқан, азаматтары республикаға белгілі ауыл. Бұл ауылдың мәселелерімен жіті таныспыз. Арнайы ауыл әкімі, ауылдық қауымдастық кеңес, тиісті сала басшыларымен барлық мәселе айтылып жүр. Басты көшелеріңіз Қайқы батыр атындағы көшені жөндеу ұсыныс түсті. Бұл мәселеге қатысты келер жылдың жобасына ұсынудамыз. Басқа да мәселелер кезеңімен шешілетін болады. Бір қуанышты жаңалық Қалжан ахун ауылына газ тарту мақсатында 330,5 млн теңге 2023 жылға республикалық бюджеттен қаржыландыруға бюджеттік өтінімі ұсынылды. Қолдау тапқан жағдайда газдандыру жұмыстары жүргізілетін болады», – деді Мұрат Ергешбаев.
Аудан әкімінің сөзінен кейін ауыл тұрғындары сұрақтарын қойып, ұсыныстары мен пікірлерін білдірді. Елді мекен тұрғындарының талап-тілектерін тыңдаған аудан басшысы барлық сұрақтарды саралап, тиісті жауабын айтты.








