Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданының әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияларының бірлескен отырысы өткізілді.

Мәжіліске комиссия мүшелері, дербес бөлімдер мен құқық қорғау органдарының басшылары, тиісті сала басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.

Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның негізгі күн тәртібінде 2 мәселе қаралды.

Бірінші, «Білім саласында қабылданған кәмелетке толмағандар мен жастар арасындағы құқық бұзушылық профилактикасы туралы» аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Жәнібеков хабарлама жасады. Білім саласында кәмелетке толмағандар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар мен қабылданған шараларға тоқталып өтті.

Екінші «2022 жылдың I жартыжылдығында полицияның сервистік моделімен атқарылған шаралар туралы» аудандық полиция бөлімінің бастығы Н.Ибраев хабарламасы тыңдалды. Құқық бұзушылықтың алдын алу мен қылмысты болдырмаудың басты амалы қоғам болып күресу керек екенін аудандық полиция бөлімінің бастығы атап көрсетті.

«Қылмыстың алдын алу немесе мүлдем төзбеушілік қағидатын қоғамның санасына сіңіру өте маңызды. Полиция қызметі сервистік жүйесін қалыптастырып, ашықтықты және адалдықты қамтамасыз етуіміз керек. Аймақ басшысымен өткен жиында ауданда мал ұрлығының өршіп тұрғаны да сөз болды. Сол себепті, осы мәселені түбегейлі шешу үшін қарқынды жұмыстар атқарылу қажет. Аудандағы барлық елді мекендерде белсенді азаматтардан «Сақшы» қоғамдық қызметін қалыптастырылуда. Пада мәселесінде күн тәртібінен түсірмейміз. Тиісті көмектер аудан әкімдігі тарапынан берілетін болады»,- деді аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы көтерілген мәселелерге қатысты.

Сонымен қатар, Сырдария ауданы әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның күн тәртібіне сәйкес, «Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің негізгі бағыттары туралы» аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Төрәлиевтың, «Қалжан ахун ауылдық округі әкімінің аппаратымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылған шаралар туралы» Қалжан ахун ауылдық округінің әкімі Ғ.Акбаровтың хабарламалары тыңдалды.

Комиссия қорытындысымен тиісті сала басшыларына тапсырмалар беріліп, алдағы отырыстарда тапсырмалардың нәтижелері талқыланатындығы айтылды.

Тағы да оқыңыз: