Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Келдібаев Мұса Алпысбайұлын 75 жасқа толған мерейтойымен құттықтады.
«Сіз саналы ғұмырыңызда ауданның дамуына елеулі үлес қосып, бар білім мен біліктілігіңізді, күш-жігеріңізді туған жеріңіздің гүлденуіне арнадыңыз. Осы жасқа Сіз үлкен абыроймен, беделмен келдіңіз. Сізді мерейтойыңызбен құттықтай отырып, Өзіңізге және отбасыңызға денсаулық, бақыт пен табыс тілеймін», – деді аудан әкімі құттықтау сөзінде.
Кездесу барасында мерейтой иесінің достары мен замандастары Мұса Алпысбайұлының өмір жолы мен атқарған қызметі туралы естеліктерімен бөлісті.
Мұса Алпысбайұлы – 1947 жылдың 10 қазанында Тереңөзек ауданында дүниеге келген. Әр жылдарда «Сырдария» газетінде корректор, аудандық астық қабылдау пунктінде лаборант, су пайдалану инженері, аудандық ауылшаруашылық басқармасында аға инженер жерге орналастырушы, аудандық жер қатынастары және жерге орналастыру комитетінің төрағасы, аудандық жер ресурстарын басқару жөніндегі комитетінің төрағасы, облыстық жер ресурстарын басқару жөніндегі комитетінің Сырдария аудандық филиалының бастығы, аудандық жер ресурстарын басқару жөніндегі комитетінің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарған.
Бүгінгі күні медиатор, аудандық билер кеңесінің төрағасы, «Иман-2013» қоғамдық қорының төрағасы қызметтерін атқарады. Ардагер Сырдария ауданының «Құрметті азаматы».

