Kyzylorda-news.kz Қазақстанның экономикасы мұнайға тәуелді екені жасырын емес. Қанша жерден ауыл шаруашылығын дамытып, өндірістің басқа да салаларын ілгерілеткенімізбен, елге келетін негізгі табыс көзі мұнайды сатқан қаржыдан түседі.
Мұнайға сұраныс
Қазақ мұнайының тарихы біз ойлағаннан да әріде жатыр. Энциклопедиялық деректер мен «Қазақстан тарихының» 5-ші томындағы мәліметтерге жүгінсек, Атырау өңіріндегі Жайық пен Жем аралығында көлкіген мұнай кені бар екені ерте заманнан белгілі болған. Тіпті сол кездің өзінде жергілікті қазақтар жер бетіне шығып жатқан қимайды, мұнайды сүзіп алып, түйенің немесе адамның теңге қотырын емдеуге қолданған деген де дерек бар.
Тарихи деректерде ХХ ғасырдың басында Атырау облысында Қазақстандағы алғашқы мұнай кеніштері ашылғаны айтылады. Осыдан кейін бүкіл әлем мұнайлы Қазақстан туралы айта бастаған. Тіпті басқа елдің ғалымдары арнайы келіп зерттей бастаған. Қазақ жеріндегі мұнай сапасының жоғары болғаны соншалықты, соғыс жылдары оны өңдемей-ақ майданға жіберіп, танктерде пайдаланған. 1940-шы жылдардың аяғына қарай өндіріс көлемі жылына 1 миллион тоннаға жетті. Қазмұнай газдың ресми сайтында 1950-ші жылдардың соңында Маңғыстау облысында, ал 70-ші жылдары Қызылорда өңірінде белсенді іздеу-бұрғылау және геологиялық-түсіру жүргізілгені баяндалған.
Тәуелсіз Қазақстанда да мұнай өндіруге ерекше ден қойылды. Өйткені қазақ мұнайына әлем елдерінің сұранысы артпаса кеміген жоқ. Аbai.kz порталы жариялаған ақпаратқа сүйенсек, Қазақстан билігі 2025 жылы жалпы мұнай өндірісі алдын ала жоспардан жоғары, 97 миллион тонна болады деп болжайды. Бұл көрсеткіш 2026 жылы 100 миллион тоннаға, ал одан кейінгі жылдары 105 миллион тоннаға жетеді деп күтілуде. Осыдан-ақ қазақтың қара алтынына сұраныстың жоғары екенін көруге болады.
ОПЕК+ және жаңа шешім
ОПЕК ұйымы мұнайы бар елдер үшін жақсы таныс. Бұл ұйым әлемдегі мұнай өндірісін бақылайды. Аталған ұйым қыркүйек айынан бастап мұнай өндіруді тәулігіне 547 мың баррельге дейін көбейту туралы шешім қабылдады. Республикалық «Жас Алаш» газетінің сайтына Қарлығаш Зарыққанқызының осы мәселені саралаған «ОПЕК+ аспаннан киіз жаудырса да...» атты мақаласы жарық көрді. Онда «Мұнай өндіру көлемі тәулігіне 547 мың баррельге артатын болса, қыркүйекте Сауд Арабиясы тәулігіне жалпы көлемі 9,978 млн баррель, Ресей 9,449 млн, Ирак 4,220 млн, Қазақстан тәулігіне 1,550 млн баррель мұнай өндіруі тиіс», – деп жазылған.
Мұнай көлемі артса, пайда да арта ма?
Мұнай өндірудің көлемін арттыру өз кезегінде экспорттың да көлемін ұлғайтады. Бұл дегенің бюджетке түсетін түсімдерді көбейтеді десек те болады. Қарапайым логикамен қаншалықты көп сатсаң соншалықты пайдаға кенелуің керек. Шынында солай. Бірақ бизнестің жазылмаған тағы бір заңдылығы бар. Ол тауар көбейген сайын оның бағасы да арзандайды. Ол жазғыз мұнайға ғана емес, барлық тауарға қатысты аксиома.
Қазақстан үкіметі 2025 жылғы бюджетті жоспарлағанда мұнай бағасын барреліне 75 доллардан есептеген. Әйтсе де бағаның құбылмалы екенін ұмытпаған да болар. Бірде көтеріліп, бірде түсіп отырады дегендей. Израиль мен Иран арасындағы қарулы қақтығыстан кейін мұнай бағасы күрт шарықтап, 79 доллардан асып кеткен еді.Сол тұста қаншама адам бұдан мұнайлы елдердің пайдаға кенелетінін айтып жатты. Әйтсе де көп ұзамай әлемдік нарық қайта құбылып, мұнай бағасы 69 доллар болып қалды. ОПЕК+қыркүйектен бастап мұнай өндіру көлемін арттыру жөніндегі шешім қабылдаған соң мұнай бағасы 65 долларға дейін төмендеді. Бұл өндіріс артқан сайын мұнайдың бағасы да арзандай беретінін көрсетіп отыр.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымы Ш.Болыспаевтың «Әлемдік мұнай бағасының Қазақстан жанармай нарығына ықпалы» атты еңбегінде еліміздің тұрақты және бірқалыпты дамыған мұнай-газ кешені бар мемлекет екені жазылған. Бұл Қазақстанның мұнай мен табиғи газды өндіруші елдер қатарына кіруіне өз септігін тигізіп отыр. Зерттеу жұмысына зер салсақ Қазақстанның 2011 жылдағы мұнайды өндiру көлемi 80,06 миллион тоннаны құраған. Одан бері де 13-14 жыл уақыт өтті. Республикамыз мұнай өндірісін азайтқан жоқ.
Қарап отырсақ, мұнай өндірісі өзіндік тұрақтылығын сақтап, едәуір артқан. «Егемен Қазақстан» газетінің 2024 жылғы 4 қаңтардағы санына жарияланған Абай Аймағамбеттің «Мұнай нарығын қандай өзгеріс күтеді?» атты мақаласында мұнайға деген жалпы әлемдік сұраныс орташа алғанда 2023 жылы күніне 102,1 млн баррель, ал 2024 жылы күніне 104,4 млн баррель болады деген болжамның бар екені жазылған. Биылғы және келер жылғы мұнай өндірісіне жасалған болжамның қандай екенін жоғарыда атап өттік.
Әлемде AERC атты экономикалық зерттеулер орталығы бар. Осы орталық сарапшыларының пікірінше, 2023 жылы сұйық көмірсутек жеткізу өсімінің басты драйверлері ретінде АҚШ, Бразилия, Қазақстан, Норвегия, Гайана, Мексика және Қытай екені көрсетілген. Бұл тізімнің алдағы уақытта да осылай қалатыны да негіз етілген. Мамандар биыл да бұл елдердегі өндірістің артатынын алға тартып отыр. Демек, Қазақстандағы мұнай өндірісі тұрақты дамиды деген сөз.
Түйін
Әлемдік нарықтағы мұнайдың құбылмалы бағасы Қазақстан экономикасына әсер етпей қоймайды. Тек саяси аренада байыпты қадам жасап, құбылмалы бағаға бейімделуген жөн. Одан бұрын мұнайға тәуелділіктен де арылу қажет.
Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ
Фото: freepik.com
