Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев түске дейін Майдакөл ауылдық округіне арнайы барып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Бекарыстан би ауылдық мәдениет үйінде өткен басқосуда Мұхтар Әуесұлы алдымен жыл басынан бері ауданда қолға алынған жобаларды тілге тиек етті.

Аудан басшысы Қазалыда газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын қуанышпен жеткізді. Дәл қазіргі уақытта Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы және Ғ.Мұратбаев ауылының тұрғындары көгілдір отынның игілігін көруде. Бүгінгі таңда Жалаңтөс батыр, Басықара және Қ.Пірімов ауылдарын газдандыру үшін құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ал, Абай ауылын газдандыру үшін жоба-сметалық құжаттарын дайындауға аудандық бюджеттен қаржы бөлінді. Одан бөлек, жеке кәсіпкер Жылқайдар Тәңірбергеновтың демеушілігімен бірнеше елді мекенді газдандыру үшін жоба-сметалық құжаттары дайындалуда.

Аудан басшысы мұнан соң алдағы жоспарлармен бөлісіп, жыл аяғына дейін бірнеше жобалар іске асатынын жеткізді.

Кездесуде Бекарыстан би тұрғындары көшеге қиыршық тас төсеу, аяқ су жетіспеушілігі сияқты өзекті мәселелерді көтерді.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев тұрғындар тарапынан айтылған әрбір мәселенің назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Мұхтар Әуесұлы кездесу барысында айтылған өтініш-тілектерге байланысты тиісті сала басшыларына ұсыныс дайындауды тапсырды.

Кездесуге аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, облыстық мәслихат депутаты Мнажадин Өтеев, Ібайдулла Тілеп, аудандық полиция бөлімінің бастығы Болат Кабизов және бірқатар дербес бөлім мен мекеме-кәсіпорын басшылары қатысты.

Тұрғындармен кездесуден кейін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев елді мекендегі N24 мектепке арнайы барып, білім ордасының жаңа оқу жылына дайындығымен танысты.

Тағы да оқыңыз: