Kyzylorda-news.kz. Биыл Қазалы ауданының орталығы – Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласынан бөлек, ауыл арасындағы жолдардың да мәселесі шешіліп келеді. Мәселен, осы жылы аудандық маңыздағы 4 автомобиль жолы орташа жөндеуден өтуде. Соның бірі – «Қожабақы – Бекарыстан би» жолы. Бұл 25 шақырым жолдың құрылысына жауапты мердігер мекеме – «Қазалы Жолшы» ЖШС.
Бүгін екі аралықта жүріп жатқан жұмыстарды көзбен көрген аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ауыл тұрғындарының қатынасы үшін жүріп жатқан жұмыстың сапасына басымдық беріп, уақытынан кешікпеуді тапсырды.
Мұнан соң аудан басшысы Аранды ауылына ат басын бұрып, елді мекен тұрғындарымен кездесті. Ауданда болып жатқан жағымды жаңалықтармен бөліскен Мұхтар Әуесұлы көпшіліктің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, заңдылығына сәйкес оңтайлы шешім табу үшін тиісті жұмыстар жүргізілетіндігін жеткізді.
Ауыл халқының жағдайынан хабар алуға барған аудан әкімі дәрігерлік амбулаторияның да жұмысымен танысты. Одан кейін №97 орта мектептің жаңа оқу жылына дайындығын пысықтап, шағын орталық, спортзал және жылу қазандығын көрді. Ауыл балалары үшін білім алатын күннің жақындап келе жатқанын ескерткен аудан басшысы тиісті тапсырмаларды жүктеді.