Kyzylorda-news.kz. Шілденің бірінші жексенбісі – ұлттық домбыра күні. Осынау бір айтулы дата қазақтың өнерін, жыры мен дастандарын терең түсінетіндер үшін ерекше күн. Домбыраның қадір-қасиетін «Қазақ поэзиясындағы домбыра бейнесі – ежелгі жыр-дастандардан бүгінгі жас толқынға дейін жырланып келе жатқан мәңгілік тақырып» деп Қадыр Мырза Әлінің өзі екі-ақ ауыз сөзбен түйіндеген. Демек, бұл қасиетті де киелі аспаптың қазақ жұртшылығы үшін маңызы қашан да зор. Күнтізбедегі керемет мереке қарсаңында біз де домбыраның қыр-сырына қанық болып, күйшілік пен жыршылық өнердің тереңіне сүңгу мақсатында «Нартай өнер мектебінің» директоры, жыршы Мұхаммедәлі Бекпейісовпен әңгімелесуді жөн көріп отырмыз.
– Сәлеметсіз бе, Мұхаммедәлі Құрманбекұлы! Сұхбатымызды бастамас бұрын әуелі өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз…
– Жалпы өзіме тоқталар болсам, бала күнімнен қара домбыраға құмар болып өскен қарапайым жігітпін. Қазіргі таңда осы өнер жолында әнімізді шырқап, домбырамызды шертіп жүрген жайымыз бар. Ең бастысы – Жаратқанның құлы, қазақтың ұлымын.
– Шілденің алғашқы жексенбісі ұлттық домбыра күні екені мәлім. Ал сіздер бұл мерекені жыл сайын қалай атап өтесіздер?
– Өте орынды сұрақ. Иә, ұлттық домбыра күні – әр жыл сайын елімізде өз деңгейінде аталып өтіледі. Әрине, ұлан-асыр той-думанмен тойланбаса да, мәдениет қызметкерлері, кәсіби домбырашылар қолдарынан келгенше бұл мерекеде барын салып, әртүрлі шаралар өткізіп отырады. Біз де мұндай іс-шаралардан қалыс қалған емеспіз. Шақырған мерекелік шаралардан да қалмауға тырысамыз. Кез келген уақытта домбырамызды асынып алып, әндетуге де әзірміз.
– Қазақта «Қанмен келген қасиет – қара жерге жанмен бірге сіңеді» деген тәмсіл бар. Яғни бұл – адам бойындағы қасиеттің ұрпақтан-ұрпаққа берілетінін айғақтайды. Сіздің осы өнерге, жырға, домбыраға деген қызығушылығыңыз кімге ұқсаған?
– Бұл сұрақты көптеген тыңдармандар қойып жатады. Дегенмен, шиелілік ағайындар әкемнің өнер адамы екенін жақсы біледі. Бала күнімнен әкеме қарап бой түзеп өстім. Оның өнерге деген махаббаты – менің де шығармашылықтың адамы болуыма әсер етті десем болады. Ес білгелі осы әкемнің әндерін, жырларын тыңдап өстім. Ал есейе келе небір мықты ұстаздардан тәлім алдық. Кейіннен университет қабырғасында жүріп өнердегі аға буыннан үлгі алып, солардың ізін жалғауға тырыстық. Міне, сол кісілердің барлығы біздің қанатымызды қатайтып, осындай жарқын өмір сүруімізге, нағыз маман болуымызға өз ықпалын тигізді.
– Ұлттық аспапқа қанша жасыңыздан бастап қызықтыңыз? Өнер жолына жасаған алғашқы қадамыңыз жайлы айтып бере аласыз ба?
– Жоғарыда айтқанымдай, өнер жолына бала күнімнен қызықтым. Қателеспесем, әкемнің үйретуімен үшінші сыныпта ең алғаш рет қолыма домбыра ұстадым. Сол уақыттан бері домбыра менің серігіме айналды. Қанша аспапта ойнап жүрсем де, қазақтың ұлттық аспабы – домбыраның орны мен үшін ерекше.
– Сіздің бүгінгі таңда ата жолын жалғап, төл өнердің тұғырын биіктетіп, жыраулық өнерді жаныңызға серік етіп жүргеніңізді білеміз. Дамыған технологияның уақытында, әсіресе шетелдің әндері қаптап, қалың тыңдарманға жол тартып, мағынасыз әндердің көбейген заманында жыршылар мен домбырашылардың еңбектері еленбей, көп көзіне көрінбей жататынын көзбен көріп жүрміз. Бұл жөнінде не айтасыз?
– Дұрыс айтасыз. Сіздің айтып отырғаныңызды жоққа шығара алмаймын. Көріп жүргеніңіздей, бүгінде Батыстың халқына еліктейтіндер көбейді. Ол ол ма? Кәрістің әншілерін сүйіп тыңдайтындардың қатары тіпті көп. Әрине, өнердің адамы болған соң осы жолда жүрген әрбір өнерпаздың еңбегінің ерен екенін жоққа шығара да алмаймыз. Әркімнің өз тыңдарманы бар. Десек те, қазақ жастарының құлағына сырға таққан, ашық-шашық киінген әншілерді тыңдап, соларға еліктейтіні көңілді қынжылтады. Бірақ төл өнердің бәсін биіктетіп жүрген өнерпаздарды ешкім тыңдамайды деп айта алмаймын. Олардың да өз тыңдарманы бар. Жыршылар мен термешілер, домбырашылырдың орны қазақ үшін әрдайым бөлек.
– Басты тақырып – домбыра болғандықтан, әңгімеден ауытқымай, әрі қарай жалғастырайық. «Нартай өнер мектебі» десе, біздің көз алдымызға, нағыз талантты жастардың елестейтіні рас. Басқа өнерпаздарды қоспағанда бүгінде аталған мектепте домбырашылардың көп екенін білеміз. Өнер мектебінің биылғы жеткен жетістіктеріне кішігірім тоқталып өтсеңіз.
– Иә, біздің мектепте домбыраға қызығып, сал-серілердің жолын жалғағысы келетіндер көп. Нақтырақ айтар болсақ, дәл қазіргі уақытта 60-қа тарта оқушы тәлім алуда. Сонымен қатар, біздің мектепте «Дәстүрлі ән», «Бұдабай Қабылұлы» атындағы жыр үйірмесі, «Халық» үйірмесі, «Маханбетқали Тұрсанов» атындағы ақындар үйірмесі, «Құрманбек Бекпейіс» атындағы сырнай үйірмесі жұмыс істейді. «Нартай өнер мектебі» – биылдың өзінде көптеген өнерпазды сахнаға шығарып, жарық жұлдыз етуіне ат салысты. Солардың бірі – «Қазақстан дауысы. Балалар» мегажобасының финалисі Айқын Ерболатұлы. Алла қаласа, кішкентай шәкіртіміз бірінші шілде күні тікелей эфирде өз өнерін көрсетіп, бақ сынайды.
– Тамаша! Қазақтың қасиетті қара домбырасын, өнерін қадірлейтін азаматтар көп болсын. Жалпы домбыраны кез келген бала үйрене ала ма? Оны меңгеру үшін қанша уақыт қажет?
– Менің ойымша әрбір қазақтың бойында домбыраға деген мүмкіншілігі бар деп есептеймін. Қазақтың қанында сайрап жатқан өлеңнің һәм өнердің көзін тауып, жолға қоя алсақ, әр қазақ домбыраны өз деңгейінде тарта алады. Ал «қанша жастан бастап үйрене алады?» деген сауалыңызға жауап беретін болсам, ол енді мүмкіншілікке қарай. Біреуі 3 жасында тартса, енді бірі 3-сыныбында икемделе бастайды.
– 2019 жылы Қарағанды қаласындағы мектептердің біріне «Жас ақын» ретінде қонақ болып шақыртылдым. Мені таң қалдырғаны – сол мектепте үзіліс кезінде соғылған қоңыраудың қарапайым сыңғыр емес, ұлттық аспабымыздың мәртебесі көтеріліп, түрлі күйдің шырқалғаны. Менің ойымша «Сыр елі – жыр елі» болғандықтан, барлық өңірлік мектептерде үзіліс кезінде күй шырқалып, қазақтың әуені сайрап тұрғаны дұрыс сыңайлы. Сіз не дейсіз?
– Бұл сауалыңыз ерекше екен. Иә, мұндай жағдайларды көп естіп жатамыз. Арыға барып, көзіммен көрмесем де сізге бір оқиғаны қысқа қайырып берейін. Кешегі орыстың заманында Қармақшы ауданы, Тұрмағанбет дейтін ауылда Әлиакбар Жұматай деген бір мектепте ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген, әрі жырау кісі болыпты. Сол кісі өз ауылындағы мектепте қоңыраудың орнына жыр-термелерді қоятын болған екен. Яғни, барлық оқушыларды жырға тәрбиелеген. Қазір енді сол Тұрмағанбет ауылынан 117 жырау шыққан. Әрине, олардың арасында көзі тірісі бар, дүние салғандары бар. Кішкентай ғана ауыл болса да, сол жыр-терменің арқасында қаншама жырау шыққан. Айтпағым, қазақтың қара домбырасының үнін естіген әр бала, рухани мықты болып өседі. Сондықтан мұндай үрдіс біздің Шиеліге де келсе қуанар едік. Міндетті түрде, қоңырау үніне жырды қосып қою шарт емес қой. Мәселен, күйді қосып қоюға болады. Ең бастысы – қазақтың дүниетанымын насихаттап оны дамыту. Тек мектепте ғана емес, бұл үрдісті балабақшадан бастау керек сыңайлы.
– «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» демекші, біздің қазақ екенімізді айқындайтын – қара домбырамыз екені рас. Бірақ жасыратыны жоқ, соңғы жылдарда ұлттық аспабымызды мазаққа айналдыратындар көбейді. Тіпті, сахна төрінде тұрса да кейбір өнерпаздар домбыраны келекеге айналдырып, былапыт сөздермен былғап жүр. Бұның себебі неде деп ойлайсыз? Домбыраның құнын көтеру үшін қайтпек керек?
– Иә, ондай адамдарды көзіміз көріп жүр. «Алауан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, әркім өз әлінше домбыраны насихаттап жүр. Қазір көп өнерпаздардың «хайп» жасап жүргені белігілі. Ондай адамдар кез келген заманда болған. Бола береді де. Бірақ қазақ тұрған жерде, домбыраның құны ешқашан түспейді деп ойлаймын. Менің ойымша, біздің өнер уақыт өте келе құны артып, ғылыми дәрежеге жететін сияқты. Ұлы ақын Абайша айтқанда: «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды, әдеті жаман адамның» дегендей көптің көңілінен шығамыз деп, төл өнерді аяқ асты етсек, бабалар мұрасына жасаған қиянатымыз болмай ма? Сондықтан баршамыз қазақтың қара домбырасын қастерлеп, ұлттық құндылығымызды жоғалтпауымыз қажет.
– Ендігі әңгімемізді қара домбыраның күтіміне қарай ойыстырсақ. Өзіңіз ұлттық аспаптарды қайдан алдырасыз? Өзгелер секілді бағасымен сапасына мән бересіз бе? Қара домбыраға күтім керек пе?
– Әрине, енді мүмкіндігінше сапалы домбыра таңдауға тырысамын. Көбінесе домбыраның жасалатын ағаш түріне қарап таңдаймын. Кептірілген, кептірілмеген түріне де мән беремін. Кептірілген ағаштан жасалған домбырадан керемет үн шығады. Көбінесе домбыраны Алматы қаласынан алдырамын. Әлбетте, қара домбыраға күтім керек. Ол да адамның он екі мүшесі секілді ғой. Күтіп қарауың керек. Ол – сенің асыраушың, беделіңді көтеретін серігің!
Әңгімеңізге рақмет!