Kyzylorda-news.kz. Оқу жылының басынан бері Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетіне азаматтардан 70-ке жуық өтініш келіп түскен. Осыған байланысты білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің қызметкерлері шара қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мәселен, Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Б. Омаров атындағы №50 мектеп мұғалімдері мектеп директорының міндетін атқарушы оларды курорттық аймақта гольф алаңын тазалау жұмысына тартқанын айтып шағымданды.
Мәселенің мән-жайы анықталғаннан кейін лауазымды тұлға қызметінен босатылды.
Түркістан облысында балабақша тәрбиешісі қызметінен заңсыз босатылған, алайда әкімдіктің білім басқармасы оның құқығын қалпына келтіру бойынша шара қабылдамаған.
Білім саласында сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменті қызметкерлерінің араласуынан кейін ғана тәрбиеші бұрынғы жұмысына қайтып оралды.
Атырау облысында педагогикалық этика ережелерін бұзғаны үшін Қ. Ахмедияров атындағы орта мектептің мұғалімі жұмысынан босатылды.
Алматы облысында департамент қызметкерлері мұғалімнің өтінішінен кейін шара қабылдады.
Өтініште мұғалім білім ұйымдарында ақша жинау және оларға тән емес функцияларға тарту фактілері туралы хабарлаған.
Мәселе қаралғаннан кейін Текелі қаласындағы №6 орта мектебінің директорын қызметінен босату туралы шешім қабылданып, осыған ұқсас фактілер расталды.
Сонымен қатар Текелі қаласы әкімдігінің білім бөлімі басшысының м.а. тәртіптік жауапкершілікке тарту ұсынылды.
Педагогтердің құқықтары мен заңды мүдделерінің ең көп бұзылуы Түркістан және Алматы облыстарында байқалады.
Сонымен қатар әлеуметтік желілерде иммунизациялау шаралары бойынша тізім жасау туралы құжат жарияланды.
Мұндай ақпаратты жинау жөніндегі бұйрық ҚР БҒМ-мен қарастырылмаған.
Аудандық білім бөлімінің басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Айта кетейік, ҚР Білім және ғылым министрінің тапсырмасы бойынша әр облыста педагогикалық әдеп жөніндегі комиссиялар құрылды, олар педагогтердің құқықтарын бұзу бойынша өтініштер мен фактілерді жедел қарайды.