Kyzylorda-news.kz Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова педагогтерді аттестаттау қағидаларына енгізілетін өзгерістердің мәнін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Брифинг барысында вице-министр педагог мәртебесін арттыру бағытындағы реформалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, “Педагог мәртебесі туралы” заң қабылданғаннан бері мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған басымдықтарға сәйкес ауқымды жұмыстар жүргізілген.
Бұл реформалар білім беру жүйесін сапалық тұрғыдан жаңғыртып қана қоймай, педагог мамандығының қоғамдағы беделін нығайтуға негіз болды, – деді Шынар Ақпарова.
Вице-министрдің мәліметінше, жүргізілген саясаттың нәтижесі нақты көрсеткіштер арқылы дәлелденген. 2023 жылғы зерттеу қорытындысы педагог еңбегінің қоғамдық маңыздылығы айтарлықтай артқанын көрсетеді. Сонымен қатар мұғалімдердің жалақыға қанағаттану деңгейі бойынша Қазақстан алғашқы бестікке енген.
Сондай-ақ мұғалімдердің жүктемесін азайту және әкімшілік рәсімдерді қысқарту олардың негізгі кәсіби қызметіне көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік берген.
Педагог кадрлардың сапалық құрамы да жақсарып келеді. Магистр дәрежесі бар мамандардың үлесі тұрақты өсіп, бүгінде 11%-ға жеткен.
Әлеуметтік қолдау шараларының нәтижесінде мектеп мұғалімдерінің жалақысы екі есеге артса, мектепке дейінгі ұйым педагогтарының еңбекақысы 30%-ға өскен. Қосымша төлемдер енгізіліп, еңбек демалысы 56 күнге дейін ұзартылған.
Осы өзгерістердің нәтижесінде қазақстандық педагогтердің 95%-ы өз кәсібіне қанағаттанатынын білдірген.
Осы оң динамиканы ескере отырып, білім беру саласындағы реформалар жаңа мазмұндық кезеңге өткен. Бұл ретте педагогтерді аттестаттау жүйесін жетілдіру мәселесі ерекше маңызға ие.
Аттестаттау – әрбір педагогтің кәсіби деңгейіне тікелей әсер ететін маңызды тетік. Сондықтан бұл бағыттағы өзгерістер білім беру сапасын арттыруға бағытталған, – деді вице-министр.
Оның айтуынша, жаңа өзгерістер педагогтердің кәсіби біліктілігін бағалау процесін жетілдіріп, оны ашық әрі әділ етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ кәсіби ортада бұл өзгерістерге қатысты түрлі пікірлердің болуы қалыпты жағдай екені атап өтілді. Министрлік барлық ұсыныстарды ескере отырып, реформаларды кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отыр.
Фото: Нұрболат Нұржаубай
