Kyzylorda-news.kz. Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова жаңа заңға енгізілген қолдау шаралары туралы айтып берді.

“Негізі, бүгінде “Дипломмен ауылға” бағдарламасы бар. Онда қолдаудың біраз шарасы көрсетілген. Сондықтан оның бәрі заңмен бекітудің қажеті жоқ. Бұл – бөлек бағдарлама. Ауылға баратын педагогтар ол қолдауға жиі жүгініп жатады. Мәселен, биыл бағдарламаға бірқатар өзгеріс енгізілді. Соған сәйкес, бір реттік көтерме жәрдемақының көлемі 70 АЕК-ке (185 570 теңге – Sputnik Қазақстан) көтерілді”, – деді Каринова.

Оның сөзіне қарағанда, биылдан бастап “Дипломмен ауылға” бағдарламасы бойынша берілетін несиенің көлемі де өсіп, 1 500 айлық есептік көрсеткішке (3 976 500 – Sputnik Қазақстан) жеткен. Осы ақшаға баспана сатып алуға болады.

Ал жер қатынастары туралы заңнама бойынша мұғалімнің жер учаскесін алуға басымдық құқығы бар. Сондай-ақ, мәслихаттың шешімімен жергілікті бюджеттен коммуналдық төлемдер мен көмір-отынды сатып алуға мүмкіндік алады. Бұның бәрі болған. Бірақ “Педагог мәртебесі туралы” заңда тағы бір мәрте көрсетіліп, педагогтың кепілдіктері ретінде айқындалды.

“Ал заңға енгізілген жаңа нормаларға келетін болса, әкімдіктерге тағы бір құқық берілді. Мысалы, өте қажетті маман болса, оның баспананы жалдауға кететін шығындары мен коммуналдық төлемдерін өтеуге болады. Сосын санаторийлік-курорттық емге байланысты ақшасын толықтай немесе жартылай төлеп тұруға мүмкіндік беріледі. Бұрын ондай болмаған”, – деп атап көрсетті Каринова.

Айта кетейік, “Педагог мәртебесі туралы” заңда жаңа норма былай көрсетілген: “Жергілікті атқарушы органдар педагогке тұрғын үйді жалдауға және коммуналдық қызметтерге өтемақы төлемдерін, санаторийлік-курорттық емделуге және демалуға жолдама алу үшін толық немесе ішінара төлемақы, сондай-ақ педагогті әлеуметтік қолдауға бағытталған өзге де жеңілдіктерді көздеуге құқылы”.

[Sputnik Қазақстан](http:// https://sputniknews.kz/society/20200107/12475654/mugalimder-sanatori-demalys.html)

Тағы да оқыңыз: