Kyzylorda-news.kz Ж.Қизатов атындағы №23 мектеп-лицейінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында үлкен сенбілік ұйымдастырылды. Игі шара мектеп-лицей директоры Жанат Убайдуллақызының қолдауымен және ұйымдастыруымен өтті.

Таң бозынан мектеп ауласына жиналған 100-ге жуық ұстаздар қауымы бір кісідей жұмыла кірісіп, мектеп аумағын қоқыстан тазартып, ағаш түптерін әктеп, гүлзарларды ретке келтірді. 

Бірнеше сағаттың ішінде білім ордасының ауласы жаңаша кейіпке еніп, жайнап сала берді. Алайда сенбілік тек күрек пен сыпырғымен шектелмеді. Ұжымның ауызбіршілігін арттыру мақсатында ұстаздар үшін көңілді тимбилдинг ұйымдастырылды.

Әр түрлі қызықты ойындар, танымдық викториналар ойнатылып, белсенді қатысқан мұғалімдерге арнайы сыйлықтар табысталды. Бұл – тазалық жұмысынан кейінгі тамаша демалыс әрі ұжымды біріктіре түскен рухани сәт болды. 

Сонымен қатар 5-9 сынып оқушылары да акциядан тыс қалмады. Олар мектеп-лицей жанындағы спорт алаңында «Таза Қазақстан» акциясын қолдау мақсатында шахматтан тартысты турнир өткізді. Зияткерлік сайыста жас шахматшылар өзара бақ сынап, логикалық ойлау қабілеттерін көрсетті. Осындай игі шаралар жас ұрпақты табиғатты аялауға, туған жеріне жанашыр болуға тәрбиелейді. Тазалықты өз ауласынан бастаған қизатовтық ұстаздар мен шәкірттер көпке үлгі.

«Мұндай іс-шаралар тазалық өзімізден басталатынын оқушыларға ұғындыра түседі. Сондай-ақ ауызбіршілікпен бір мақсатқа жұмылып әрі еңбекпен ұштастырған уақытты танымдық ойындар арқылы көңілді өткізу біз үшін өте қызықты болды. Табиғат аясында өткізген оқушыларымыздың турнирі де көпке дейін біздің көңілімізге жақсы әсер қалдыратыны анық», – дейді №23 мектеп-лицей директоры Жанат Убайдуллақызы.

Экологиялық акция.jpeg

Тағы да оқыңыз: