Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» және «Бақытты отбасы» жобалары нақты нәтижесін көрсетуде. Бастамалар жүздеген отбасының тұрмысын жақсартып, жастарға білім алуға мүмкіндік беріп отыр.
Соның бір жарқын дәлелі – Сыр өңіріндегі аз қамтылған отбасылардан шыққан 30 жастың арманға бастар жолына нақты қолдау көрсетілуі. Жаңақорған аудандық филиалының үйлестіруімен және «Байкен-U» серіктестігінің қолдауымен 17 млн теңгеге жуық қаржы бөлініп, бүгінде бұл жастар еліміздің түрлі оқу орындарында алаңсыз білім алып, болашағына нық қадам жасап келеді.
Бұл – жай ғана көрсеткіш емес, нақты көмек. Жайылма ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Клара Шәйменова қиын сәтте «AMANAT» партиясына жүгініп, өтінішіне қолдау тапқанын айтады. Оның сөзінше, дер кезінде көрсетілген бұл қамқорлық отбасы үшін үлкен үміт сыйлап, баласының білім алуына жол ашқан. Ал студент Нұрдаулет Бижанов үшін бұл – болашаққа нық қадам жасауға жол ашқан маңызды қолдау.
Жоба өңірде екінші жыл қатарынан жүзеге асып келеді. Бұл – партия мен бизнестің тиімді әріптестігінің нәтижесі. Партияның Жаңақорған аудандық филиалының төрағасы Арман Мажитовтың айтуынша, бұл бастамалар бір реттік көмекпен шектелмейді, керісінше, азаматтардың өмір сапасын ұзақ мерзімде жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыс.
«Біздің басты мақсат – халыққа нақты қолдау көрсетіп, әрбір азаматтың ертеңіне сенім ұялату. Осы бағытта «AMANAT» партиясы әлеуметтік жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Біз әлеуметтік жауапкершілігі жоғары бизнес өкілдерімен бірлесе отырып, нақты нәтижеге бағытталған жұмыстарды күшейтеміз. Жақында құрылған Кәсіпкерлер қанаты бұл әріптестікті жаңа деңгейге көтереді. Алдағы уақытта да мұндай жобалар жалғасып, ел игілігіне қызмет ете береді. Әрбір азаматтың мәселесі – біздің назарымызда, және ол кезең-кезеңімен шешімін табады», – деді ол.
Айта кетейік, өткен жылы Қызылорда облысында осы жобалар аясында 600-ге жуық іс-шара өтіп, 5 мыңнан астам адамға қолдау көрсетілді. Биыл да бұл жұмыстар жалғасуда.
