Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмахановтың қатысуымен партия филиалы жанындағы «Отбасы және Халықты әлеуметтік қорғау» мәселелері бойынша аймақтық кеңестің отырысы өтті. Онда мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыру мәселесі кеңінен талқыланды.
Қазіргі таңда өңірімізде 33 мыңнан астам мүгедектігі бар адамдар тіркелген, оның ішінде 6 мыңнан астамы 18 жасқа дейінгі балалар. Жалпы облыс бойынша жұмысқа жарамды мүгедектігі бар адамдардың жұмысқа орналастырылуы өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 26,9 пайыздан 36 пайызға дейін, яғни 9,1 пайызға артып отыр.
Ағымдағы жылы облыс әкімдігінің қаулысымен 78 мекемеге 101 адамды жұмысқа орналастыру квотасы бекітілсе, бүгінгі күнге 100 адам жұмысқа орналастырылып, 99 пайызға орындалған. Қалған 1 адам 20 желтоқсанға дейін қабылданбақ. Бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстарды жиын барысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары Айгүл Ибраева кеңінен атап өтті.
«2021 жылдан бүгінгі күнге дейін квота шеңберінде 356 мекемеге 554 жұмысқа жарамды мүгедектігі бар адамдар жұмысқа орналастырылды. Бұған қоса, жыл басынан бері 11 айдың ішінде Мансап орталықтарымен 90 рет бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылып, нәтижесімен 1753 мүгедектігі бар адамдар жұмыспен қамтудың әр түрлі белсенді шараларымен қамтылды. Сонымен қатар, «Бастау бизнес» жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздері бойынша 382 адам 14 күндік оқу курсын аяқтап, оның 327-і қаржы институттарының алдында жобасын қорғауға мүмкіндік алды. Өздерінің кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға 193 адам 400 айлық есептік көрсеткіш, яғни 1,5 млн.теңге көлемінде қаржылай қолдау алып жобасын ашып, өзін-өзі жұмыспен қамтуға мүмкіндік алды. 408-і бос жұмыс орындарына орналастырылса, 768 азамат субсидияланған жұмыс орындарымен қамтылды»,- дейді басқарма басшысының орынбасары.
Жиын барысында кеңес мүшелері тарапынан мүгедектер үшін жұмыс орындарының квотасын белігілеу, олардың медициналық-әлеуметтік қорғалуы, жұмыс берушілер тарапынан жасалуға тиісті еңбек жағдайлары, әлеуметтік нысандардың талапқа сай болуы секілді түрлі мәселелер ортаға салынып, оларды шешу жолдары бойынша ұсыныстар айтылды.
Барлық ұсыныстар хаттамаланып, партиялық бақылауға алынды.