Kyzylorda-news.kz. «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының мобильді көшпелі қабылдау тобы Қазалы ауданындағы Бекарыстан би ауылында болып, тұрғындардың мәселесін тыңдады.
Мобильді топтың мақсаты шалғай орналасқан елді мекендердегі тұрғындарды қабылдап, олардың әлеуметтік, қоғамдық және өзге де ортақ түйіткілді мәселелерінің шешілуіне ықпал ету, бағыт-бағдар мен кеңестер беруді көздейді.
Қоғамдық қабылдауға Бекарыстан би елді мекеніне көршілес Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдарының тұрғындары да арнайы келіп, өздерінің ұсыныс-пікірлерін айтты.
Бекарыстан би ауылдық мәдениет үйінде өткен қабылдауда тұрғындар жеке бастың мәселесін емес, туған жерді көркейтуге, оның өсіп-өркендеуіне қатысты ұсыныстарын айтты.
Мәселен, Бекарыстан би ауылының тұрғындары спорт кешенін салу, мектепке күрделі жөндеу жүргізу, мал жайылымдылық жерлерді суару және каналдарды тазалау сияқты түйіткілді мәселелерді көтерді.
Ал, майдакөлдіктер ауылға клуб пен балабақша салу, ауыл іргесіндегі каналдарды тазалау жайын ортаға салса, Ү.Түктібаев елді мекенінің халқы спорт кешені мен балабақша салу, жолдарды асфальттау және электр бағаналы мен желілерін жөндеу қажеттігін қаперге салды.
Тұрғындардың ұсыныс-пікірлері айтылып болған соң аудан әкімі, «AMANAT» партиясы Қазалы аудандық филиалының төрағасы Мұхтар Оразбаев олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, заңдылықтарға сәйкес жауап берді.
Ал, елді мекендерден спорт кешен, балабақша салу және мектептегі бастауыш сынып оқушыларының барлығына ыстық тамақ беру сияқты сұрақтарға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жағыпар Тажмаханов пен облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Бекжан Есенбаев жауап берді.
Мұнан соң аудан әкімі, «AMANAT» партиясы Қазалы аудандық филиалының төрағасы Мұхтар Оразбаев, облыстық мәслихат депутаты Ібайдулла Тілеп, аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Нұрғиса Жалғасбаев, аудандық мәслихат депутаты Төребек Игіліков, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Мейрамбек Абдукаримов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жағыпар Тажмаханов, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Бекжан Есенбаев, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Жұлдызай Айтжанова, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Дәулет Абдрасулов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Гүлсім Қаюпова тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, өтініш-тілектерін тыңдады.



