Kyzylorda-news.kz. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағалары тұрақтандырылады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Төтенше жағдай кезінде Үкімет азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық шараларды қабылдап жатыр. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағалары тұрақтандырылатын болады. Төтенше жағдай режімінде барлық ел болып, ортақ қауіп-қатерге қарсы бірігуге тиіспіз. Біз тамақ өнімінің бағаларын көтеруге, алыпсатарлыққа салынуға жол бермеу үшін барлық күш-жігерімізді салатын боламыз. Ол үшін тиісті құқықтар мен тетіктер жеткілікті», – деді министр.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шекті бағаларын енгізу тетігі жеңілдетіліп жатыр.

«Бұл әкімдіктерге бағалардың ауытқуына жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Жергілікті атқарушы органдардың шекті бағаларды көтерген кәсіпкерлерге айыппұл салу құқықтары бар. Бұл қағидат қолданылады», – деді Бақт Сұлтанов.

Айта кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды. Онда шекті тарифтерді және халықтың және экономиканың үздіксіз тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті азық-түлік пен басқа да тауарларға бағаларды белгілеу тапсырылды.

Тағы да оқыңыз: