Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы бойынша «Қазпошта» АҚ мекемесінде 500-ден астам қызметкер еңбек етеді. Олардың әрқайсысы негізгі 3 сала бойынша яғни пошталық, қаржылық және агенттік бағытта жұмыс істейді.
Сонымен қатар, барлық қаржылық төлем қызметтері пошта арқылы жүзеге асуда. 9 қазан – Дүниежүзілік пошта күніне орай Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Kazpost» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Меруерт Шаухаманова аталған саладағы жаңашылдықтар мен жұмыс барысын БАҚ өкілдеріне баяндады.
«Қазіргі таңда біздің мекеме шалғай елді мекендер мен ауылдық округтерде халыққа қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, 7 аудандық пошта торабы мен 14 байланыс бөлімшесі және 4 жылжымалы пошта бөлімшесі бар. Пошта қызметкерлері ауа-райына қарамастан газет-журналдар мен сәлемдемелерді діттеген жеріне жеткізу басты міндеті болып саналады. Бүгінде интернет арқылы сауда жасау ерекше дамып келеді. Мәселен, 9 айдың көрсеткіші бойынша біздің мекеме шет мемлекеттерден 17 млн. теңгеден асатын сәлемдемелерді қабылдаған. Осы тұста, барлық әріптестерімді дүниежүзілік пошта күнімен құттықтаймын», - деді Меруерт Алғашбекқызы.
Айта кетейік, биыл «Қазпошта» АҚ филиалына – 29 жыл толып отыр.

