Kyzylorda-news.kz. Бүгінде ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі жақсарып, көшелері де біршама жаңарып келеді. Соның бірі Арал ауданы орталығынан шамамен 59 км қашықтықта орналасқан 826 халқы бар Мергенсай ауылдық округі уақыт санап даму үстінде.
Бұл ауылдық округке Жалаңаш және Тастүбек елді мекендері қарайды. Ауыл тіршілігің басым бөлігі мал шаруашылығы екендігі белгілі. Осы тұста ауыл тұрғындарының негізі кәсібі мал ұстау, сонымен бірге «Кіші Арал» теңізінен балық аулау болып табылады. Осы 2023 жылдың 1 шілдесінде мал саны 3936 жеткен.
–Мергенсай ауылдық округі бойынша жыл басынан бері біршама жұмыстар атқарылды. Атап өтер болсам, денсаулық сақтау саласы бойынша Тастүбек елді мекенінен медициналық бекет салынып, пайдалануға берілді. Егін шаруашылығы бойынша тұрғындар да өз кезегінде аянбай еңбек етіп келеді. Сонымен бірге аудан көлемінде егістік, бақша өнімдерін егуге байланысты ауылдық округке 23 гектар жерге бақша егу межесі берілген болатын. Осыған байланысты «Ақшатау» жерінен «Жамбыл» шаруа қожалығы 23 гектар жерге бақша және көкөніс тұқымы егіліп, өнімі күтілуде. Ауылдық округ бойынша заңды және жеке тұлғалардан жиналатын салық түсімдерінің тоқсандық және жылдық жоспары бекітіліп, мерзімінде жиналып отыр. Сондай-ақ, 2023 жылдың 6 айында бюджет қаражаты толық игерілді. Орталығымыз Жалаңаш ауылы «Арал-Сарыбұлақ» топтық ауыз су желісіне қосылған. Тастүбек елді мекеніне арнайы көлік арқылы Жалаңаш ауылынан тасымалданып беріледі,– дейді ауыл әкімі Марат Хангенеұлы.
Атаулы ауылда кәсіпкерлік саласы да жүйелі дамып келеді. Мұнда шағын кәсіпкерлікті дамытуда 1 шағын наубайхана, монша, 3 аралас заттар дүкені және жолаушылар тасымалы тұрғындарға қызмет көрсетеді екен.
Тағы айта кетерлігі, ауылдық округ орталығы Жалаңаш ауылының кіре берісіне ауыл жастарының демеушілігімен арнайы Жалаңаш ауылының атауы жазылып, орнатылды.
Алдағы уақытта Жалаңаш ауылындағы балалар ойын алаңына жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы қарастырылып, жүргізіледі екен. Сонымен қатар ауыл кіре берісіне орнатылған аркаға жөндеу жұмыстары да жүргізілетін болады.