Kyzylorda-news.kz Ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында  Мемлекет басшысы 2024 жылы мақұлдаған Наурызнама тұжырымдамасына сәйкес  14  наурыз «Көрісу күні-Амал мерекесінен»  бастау алатын он күндік мереке жаңартылған форматта өкізіледі. 

Осыған орай ҚАЖД №60 мекеме қызметкерлері Қызылорда облыстық «Анаға тағзым» мәдени орталығымен бірлесіп «Амал келді, жыл келді» тақырыбында мерекелік шара өткізді.

Іс-шараның мақсаты – көнеден келе жатқан ұлттық мейрамның мәнін ашып, ұмытылып бара жатқан  әдеп-ғұрыптарымызды өскелең буынға дәріптеу.

Іс-шарада «Аластау» дәстүрі, «Жарапазан» ғұрыптық әні, Бәдік жыры орындалып, «Тұсау кесер» рәсімдері көрсетілді. Қатысушылардың зеректігі мен білімін сынау мақсатында Наурыз айында өткізілетін «Ұйқыашар» жоралғысы, «Саумалық» айту салты, «Құтаю» рәсімдеріне қатысты сұрақтар қойылып, әр ғұрыптың  мән-маңызы кеңінен түсіндірілді. Құлақ құрышын қандырар қазақтың ұлттық ән-жырлары нақышына келтіріп орындалды.

Аталған іс-шарада тұсаукесер рәсімі орындалды. №60 мекеме бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Алтынбек Ускенбаев  аға лейтенант Айбек Орынбаевтың ұлы Нұрғиса Нұрдидардың тұсауын кесіп, ақ батасын берді.

Сонымен қатар рәсім бойынша арнайы кәдесыйларын табыстап, кішкентай батырдың қолына қамшыны ұстатып, қамшының қасиеті туралы шағын мағұлұмат беріп өтті.

– Қашанда қазақ халқы үшін қамшы сыйлау-құрметтің белгісі. Қамшы-қазақ халқының қолөнері,сонымен қатар мәдени өміріндегі, тарихындағы, тұрмыс-тіршілігіндегі,рухани дүниетанымындағы материалдық көне мұраға айналған құнды жәдігері. Қамшыда кие болады, қамшыда айбар болады, қолына қамшы ұстаған азамат айбарлы көрінеді. Сондай жақсы ниетпен, әрі салт-дәстүрді жас ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында осы қамшыны сыйлауды жөн көрдім. Кішкентай Нұрдидардың қадамы оң болсын, елдің баласы болсын. Халқына, отанына адал қызмет қылсын, – деді мекеме бастығы орынбасары, әділет подполковнигі Алтынбек Ускенбаев.

Тағы да оқыңыз: