Kyzylorda-news.kz Бүгін Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков аудан әкімдігінің мәжіліс залында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай мерейлі жасқа толған ел ағалары мен ардақты аналарға құрмет көрсетті. Ауданымыздың өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан бірқатар азаматтарға ауданның ең жоғары марапаты – Шиелі ауданының «Құрмет» грамотасы табысталды.
Атап айтқанда, денсаулық сақтау саласының ардагері, 85 жасқа толған Кентай Мадиевке, білім саласының ардагерлері – 85 жастағы Күлпаш Нұрмағамбетова мен 80 жасқа толған Ералы Ағыбайұлына, сондай-ақ 75 жастағы Ұлтай Әуелбекқызы мен мәдениет саласының ардагері, 70 жасқа толған Қанатова Бағлан Ұзаққызына ауданның жоғары марапаты табысталып, құрмет көрсетілді.
Ералы Ағыбайұлы – өмірін білім саласына арнаған тәжірибелі педагог. Ұрпақ тәрбиесінде өзіндік қолтаңбасын қалдырып, шәкірттерінің жүрегінен орын алған қадірлі ұстаздардың бірі.
Кентай Мадиев – саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған білікті маман. Ол ұзақ жылдар бойы халық денсаулығын сақтауға үлес қосып, өз ісіне адалдығы мен кәсібилігінің арқасында ел құрметіне бөленген ардагер.
Күлпаш Нұрмағамбетова – білім беру саласында еселі еңбек еткен ұстаз. Ұзақ жылдар бойы шәкірт тәрбиелеп, олардың білімді де білікті азамат болып қалыптасуына сүбелі үлес қосқан ұлағатты жан.
Ұлтай Әуелбекқызы – білім саласының ардагері, талай жылдар бойы жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, ел болашағын қалыптастыруға зор үлес қосқан ұстаз.
Бағлан Ұзаққызы – мәдениет саласының ардагері. Ол ауданның рухани өмірінің дамуына белсене араласып, ұлттық құндылықтарды насихаттауға, мәдениет пен өнердің өркендеуіне елеулі еңбек сіңірген жан.
Алқалы жиын барысында аудан әкімі мерейтой иелерін шын жүректен құттықтап, олардың ел дамуына қосқан елеулі еңбектері мен өнегелі өмір жолдары кейінгі ұрпаққа үлгі екенін атап өтті. Сондай-ақ, мерейтой иелеріне қазақы дәстүрге сай құрмет көрсетіліп, ізгі тілектер айтылды.
