Kyzylorda-news.kz «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы – мемлекет деңгейінде отбасылық-демографиялық саясатты насихаттайтын, өзіндік маңызы бар жобаның бірі. Он жылдан бері аталған конкурсқа қатысуға облыс бойынша 2200-ден астам отбасы өтініш берген екен. Ұлттық конкурс аясында ұзақ жылдар отасып, ұрпақ тәрбиелеп, өсіп-өнген, қоғамда лайықты орны бар шаңырақ иелерін насихаттай отырып, отбасы мәртебесін арттыруға басымдық берілген.

Нақтырақ айтсақ, ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 5 наурыздағы №181 қаулысымен бекітілген «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын өткізу қағидаларына сәйкес отбасы институтын қалыптастыруда адамгершілікті, рухани құндылықтарды нығайту, ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру сияқты міндеттерге басымдық берілген. Сондай-ақ, әр отбасының балалар мен қарт ата-аналарына қамқорлығын  кеңінен насихаттай отырып, өнегесі мол қазақ отбасыларының өзіндік үлгісін қалыптастыру. 

Бүгінде ұлттық конкурсқа қатысуға ынталы отбасылар қатары артып келеді. Сондықтан оларды конкурстың басты талаптарымен, нақты ережелерімен таныстырып өтуді жөн көрдік.

Жылдағыдай, биыл да мамырдың ортасында, яғни, «Отбасы күні» мерекесін атап өту барысында «Мерейлі отбасы» конкурсы бастау алды. Құжаттарды қабылдау бір айға созылады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, өтінімдер мен құжаттарды қабылдауда Үкімет қаулысымен бекітілген «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын өткізу қағидаларына сәйкестігі нақтыланады. Айталық, конкурсқа қатысуға ынталы отбасы мүшелерінің еңбекте, спортта, шығармашылықта зияткерлік, ғылыми жетістіктері бар, сондай-ақ қоғамдық пайдалы қызметке қатысатын (волонтерлік, қайырымдылық, меценаттық, тәлімгерлік) азаматтық белсенділігіне баса назар аударылады.

Конкурсқа отбасылар өзін-өзі ұсыну жолымен, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың, заңды тұлғалардың ұсынуы бойынша қатыса алады.  Өтінім берген отбасылардың құжаттарын жергілікті комиссиялар қарап, тиісті шешім шығарып, облыстық комиссияға жолдайды. 

«Байқауға қалай өтінім беруге болады?» деген сауалға келсек, отбасылардың құжаттар жиынтығы портфолио, альбом түрінде жасалып, Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктерінің қоғамдық даму бөлімдеріне тапсырылады. Бұл орайда конкурсқа қатысу үшін өтінішпен бірге, мынадай құжаттар қоса берілуі тиіс:

1) ата-аналардың (қорғаншылардың, қамқоршылардың) жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері, балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмелері;
2) асырап алушы (қорғаншы) отбасылар үшін – жергілікті уәкілетті органның кәмелетке толмаған балаға қорғаншылықты (қамқоршылықты) белгілеу туралы шешімінен үзінді көшірме;
3) неке қию туралы куәліктің көшірмесі (бар болса);
4) ата-аналарының біреуі қайтыс болған жағдайда, қайтыс болу туралы куәліктің көшірмесі (бар болса);
5) балаларды тәрбиелегені үшін алған көтермелеулердің, белгілі бір жетістіктері үшін алған көтермелеулердің бар екенін куәландыратын құжаттардың көшірмелері;
6) балалардың, ата-аналардың (қорғаншылардың, қамқоршылардың) жұмыс (оқу) орнынан анықтамалар және мінездемелер;
7) ұсынымдар (әріптестерінің, көршілерінің, достарының);
6. Отбасы мүшелерінің еңбектегі, спорттағы, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жоғары жетістіктерін куәландыратын құжаттардың көшірмелері.

Ескеретін жайт, құжаттарды көрсетілген мерзімнен кейін ұсынған үміткерлер конкурсқа қатысуға жіберілмейді. Қалалық және аудандық комиссияға ұсынылған құжаттар тізбесі  кері қайтарылмайды. Айта кетейік, мерейлі отбасы қатарында бағын сынағысы келетін барлық отбасылардың 15 маусымға дейін құжат тапсыруына мүмкіндігі бар. 

Өтінімді электронды түрде жолдауға да болады. Өйткені бүгінде барлық мемлекеттік мекемелердің веб-порталы бар. Өтінім берушілер құжаттарының барлығын электронды түрде немесе сканерлерген нұсқасын жолдай отырып, жеке ЭЦҚ пайдалану арқылы әкімдіктердің веб-порталына өтініш бере алады. 

Іріктеу кезеңіне келсек, 1 шілдеге дейін қала және аудан әкімдіктері жергілікті комиссия отырыстарында бірінші кезең жеңімпаздарын анықтап, облыстық кезеңге үміткерлер туралы ақпаратты ұсынады. Ал 19 шілдеге дейін облыстық комиссия отырысының шешімімен 2-кезеңге өткен отбасылардың конкурстық құжаттары альбом ретінде әзірленіп, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жолданады. Қорытындысында, яғни, 15 тамызда облыстық конкурс жеңімпаздарын марапаттау бойынша аймақ басшысының қатысуымен салтанатты шара ұйымдастырылады. 

Жеңімпаз отбасылар туралы ақпарат облыстағы телеарналарда көрсетіліп, басылымдарда жарияланады. Сондай-ақ, үміткер отбасылар Facebook парақшасында #otbasym_kzo2024 хештэгі арқылы өздері туралы ақпаратты жариялай алады. 

Жауапты мамандардың айтуынша, конкурстың әділ және жария болуын қамтамасыз ету үшін комиссиялардың әрбір отырысы жергілікті атқарушы органдардың интернет-ресурстарында және әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында онлайн-трансляция режимінде өткізіледі. Жеңімпаздарды айқындау жөніндегі барлық деңгейдегі комиссия құрамына ардагерлер, қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, БАҚ өкілдері, әйелдер істері жөніндегі комиссия мүшелері,  ҮЕҰ өкілдері енгізілген.

                                                                                            Ғазиза ӘБІЛДА

Тағы да оқыңыз: