Kyzylorda-news.kz Биыл Қазалы ауданында жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мәселен, бүгінде биылғы жылға жоспарланған Жанқожа батыр ауылына кіреберіс 3 шақырымды құрайтын және Әлсейіт көпірі мен Бекарыстан би елді мекенінің аралығындағы 6,5 шақырымды құрайтын жолға күрделі жөндеу жұмыстары, сондай- ақ Әйтеке би кентінің Т. Рысқұлов, Д. Оразымбетов, Қала маңындағы шаруашылық, Мүсірәлі қожа, Қызылбас палуан және И. Жақыпов сынды 6 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Жол жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау мақсатында аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет Жанқожа батыр ауылы мен Бекарыстан би ауылындағы және аудан орталығындағы жол жөндеу жұмыстарын аралап көріп, жауапты мердігер мекемелердің басшыларына жол құрылысының ең әуелі сапасына аса мән бере отырып, жұмыстарды жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ салаға жауапты орынбасары Мұрат Әбсұлтановқа жол жөндеу жұмыстарын күнделікті бақылауға алуды тапсырды.
Аудандық маңызға ие «Қазалы – Көларық – Бекарыстан би – Жаңақұрылыс» бағытындағы 6,5 шақырымдық және «Жанқожа батыр елді мекеніне кіреберіс» 3 шақырымдық автомобиль жолдарына күрделі жөндеу жұмыстарымен мердігер мекеме - «Қазалы Жолшы» ЖШС айналысуда. Бүгінде Әлсейіт көпірінен бастап Бекарыстан би ауылына дейінгі жолдың 2 шақырымына қара шебень және ірі түйіршікті асфальт қабаты төселді. Ал Жанқожа батыр елді мекеніне кіреберіс автомобиль жолына қиыршық тас қабатын төсеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.