Kyzylorda-news.kz   Қазақта төрдің иесі де, киесі де – әке, ата болған. Сол ата мен әкені құрметтеген халық еш уақытта ешкімнен кем болмаған. Әкені тек ұлағат тұтқан. Кішілерге өсиет-үлгі болған. Біздің халқымыздың бала тәрбиелеудегі ерекшеліктері күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Әкенің орны, оның отбасындағы рөлі бір төбе.

Маусым айының үшінші жексенбісі – әкелер күні. Осыған орай, Әйтеке би кенттік мәдениет үйінің алаңында, яки, “Жеңіс" саябағында "Атадан – нақыл, Әкеден – ақыл" атты мерекелік гала концерт өтті. Әйтеке би кенттік мәдениет үйінің көркемөнерпаздары өнер көрсетіп, жалынды жастардың ән шашуы ұсынылды.

Сонымен қатар, кенттік кітапхана ұжымы көрерменге "Әке – перзентінің алып мұнарасы" атты кітап көрмесін ұсынды. Мерекелік кеште бүлдіршін балаларға арнап батут алаңы  тегін ұйымдастырылды. Балалар демалысын тиімді өткізу шаралары алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Айта кеткен жөн, Қазақстанда Әкелер күні биыл екінші мәрте тойланды. Мереке аясында бүкіл ел бойынша 600-ден астам іс-шара жоспарланған. Форумдар, «Әке – менің қорғаным», «Менің әкем – мақтанышым» суреттер конкурсы, спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде «Әкенің тәрбиесін 100 мектеп те бере алмайды» акциясы өтті.

Иә, жүз мектеп бере алмайтын тәрбиені бойға сіңіріп, таудан биік талапты болуды үйрететін асқар тау әкенің орны дара екені сөзсіз. Әкенің баланың өміріндегі, жалпы қоғамдағы рөлі айрықша. Батылдық пен даналықтың үлгісі бола тұра, әке ұрпағын тәрбиелеуге жанын салады. Әке – баланың бірінші қорғаушысы, тәлімгері, ол жауапты, әділ және мықты болуға үйретеді. Қиындықтарды еңсеруге көмектеседі, оның қолдауы мен қамқорлығы балаларға сенімділік береді. Сондықтан, әкенің балаға деген шексіз тәрбиесін басқа жан мүлдем ауыстыра алмайды. Ал, мереке қарсаңында өткен іс-шарада аудан тұрғындары керемет көңіл күй мен жақсы әсер алғаны анық.

Тағы да оқыңыз: