Kyzylorda-news.kz. Денсаулық адамға берілетін ең басты сый. Денсаулық болмаса адамға ешқандай байлық та, атақ та қажет болмайды. Бірақ қазіргі кезде денсаулыққа зиянды нәрселер өте көп. Оның бірі – есірткі.
Есірткі – бұл адамның көңіл – күйін, сана – сезімін, мінез – құлқын бұзатын қауіпті, тыйым салынған химиялық зат. Өкінішке орай, қазіргі кезде есірткінің құрбанына айналған жандар өте көп. Олардың көбісі жасөспірімдер.
Жасөспірімдік нашақорлық – жас, нәзік ағзаның өмірін бұзатын қорқынышты құбылыс. Қазір жасөспірімдер есірткіге тәуелді болып, өз өмірлерін құртып жатқандарын түсінбейді.
Себебі, есірткіге тәуелді адам бірте-бірте адамгершілік қасиеттері мен қабілеттерін жоғалтады. Сонымен қатар,олардың жүрек, қан айналымы, асқазан, өкпе мүшелері зақымданады және олардың тек денсаулығына ғана емес, болашағына да қауіп төнеді. Осылайша олар өз өмірлерін құртады, психикасының бұзылу салдарынан достарынан, жақындарынан айырылады. Осы жағдайлар жасөспірімдерде кездеспес үшін әрбір ата-ана өз баласын қадағалап,есірткінің зиян екенін түсіндіруі керек. Сонымен қатар, түсіндіріп қана қоймай өздері де зиянды әдеттерден тыйылуы қажет. Әр адам өз тағдырының иесі. Алға мақсат қойып, сол мақсатқа нық қадам бассақ барлығына қол жеткізе аламыз. Бұл жолда бізге тек салауатты өмір салты мен спортпен шұғылдану көмектесе алады. Яғни біз спортпен айналыссақ, денсаулығымыз мықты болады. Сонымен қатар, «Болашақ-жастардың қолында» демекші еліміздің де болашағы жарқын болады.Жас достар! Нашақорлыққа қарсы күрес жүргізу – біздің қолымызда, өйткені біздер Тәуелсіз елдің салауатты жастарымыз. Мен осы үндеуім арқылы қазіргі жастарды есірткіден аулақ болуға, зиянды заттың кесірінен өз өмірлеріне балта шаппауға шақырамын!
Балшекер Маханова, Қызылорда қаласы №12 IT лицей мектебінің 8-сынып оқушысы.
