«Қызылорда ОПД ЕҚҚІҚБ тарапынан жарияланған байқауға»
Kyzylorda-news.kz. Мен – Қазақстан мемлекетінің жас жеткіншегімін! Менің армандарым көп! Мен аңсаған армандарыма қол жеткіземін. Мен өмірді қалаймын!
Өмір – арнасы кең өзен, сол өзеннен өз арнамызды тауып ағу – менің басты мақсатым. Ал өз мақсатыма жету үшін қандай да бір қиындықтарға, кедергілерге қарсы тұруыма менің күшім жетеді. Өзімнің күшті жақтарымды көрсете аламын. Күнделікті өмірде өз-өзімді тәрбиелеп, алдыма мақсат қойдым. Мен есірткісіз өмірді таңдадым.
Біздің адамзат жер бетінде "нашақорлық" деп аталатын зұлымдық болған уақытта өмір сұруде. Бұл адам ағзасының ауыр психикалық және физикалық бұзылуына әкеп соқтыратын есірткі қолдануға құмарлық. Алайда көпшілікті қорқыныш сезіміне баулитын заттар, жас балаларды қызықтырып, көбісінің өміріне балта шабады.
Бүгінгі күні адамзат арасында осы есірткі мәселесі жайлы толғанбайтын адам қалмаған болар. Әсіресе, қазіргі кезде жастар мен жеткіншектер арасындағы есірткі мәселесі аса күрделі мәселе болып отыр. Статистикалық есептерде – бұл көрсеткіштер, ал адами тұрғыда – бұл тірі жандардың өмірі. Ал мен үшін адам өмірі –ең басты құндылық. Солардың әр қайсысына барлығымыз бірлесіп, педагогтар, дәрігерлер, ата-аналар және жеткіншектердің өздері де қолғабыс беруіміз керек. Елдегі есірткімен байланысты жағдайды жақсарту бойынша ауқымды жұмысты біз барлығымыз жұмыла атқаруымыз қажет. Сонда ғана біз оңтайлы нәтижелерге қол жеткізе аламыз. Қолдау болмаған жерде бір де бір іс табысты аяқталмайды. Ең бастысы–есірткі бизнесіне және нашақорлыққа қарсы бірлесе отырып, күресуіміз қажет.
Есірткі - зұлым! Әрбір саналы адам мұны түсінеді. Ең бастысы - дер кезінде «жоқ» деп айту. Адамның мықты ішкі өзегі болу керек! Күшті рух болу қажет! Адам - жеке тұлға, ал жеке тұлға – өзінің даралығын көрсете білу керек! Есірткіге жол жоқ! Дана бол! Өмір керемет! Мен өмірді қалаймын! «Есірткісіз өмір ғажайып!».
Шаттық ҚАЛМАҒАНБЕТ,
Қызылорда қаласы,
212 мектеп-гимназиясы
#ЕСІРТКІГЕҚАРСЫБАЙҚАУЫ
