Фото: Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы
Kyzylorda-news.kz. Бүгін Атамекен кәсіпкерлер палатасының алаңында палата директоры Пірмұхаммед Сыздық «Мен кәсіпкер» жобасы аясында «Әйел кәсіпкерлігін дамыту» бағыты бойынша оқыған қыз-келіншектерге сертификат табыстады. Сонымен бірге жақында бастаған кәсіптері аясында жетістікке жетіп үлгірген кәсіпкерлер директордың «Алғыс хатымен» марапатталды.
Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы жүзеге асыратын «Мен кәсіпкер» жобасының «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту» бағыты аясында палата кеңесшілері қыз-келіншектерге кеңес беріп, олардың қажеттіліктерін анықтайды. Сонан соң, соған сәйкес оқытады. Арнайы бөлінген тәлімгер кәсібін жүргізуге, дамытуға үлес қосады. Одан кейін кәсібін бағалатып, түрлі қаржы институттарынан қаржы алуды үйретеді. Осы орайда, жобаға қатысушы кәсіпкерлердің біліктілігін арттырып, олардың кәсіптерін алты ай сүйемелдейді. Міне осыдан кейін кәсіпкер әрі қарай кәсібін дөңгелетіп әкетеді.
Наталья Мишукова бүгінгі шараға қатысушы қыз-келіншектердің тәлімгері. Жас кәсіпкерлердің сөзінше осы тәлімгерлік оқу олардың өмірлерін түбегейлі өзгертіп, бүгінгі күні жеткен табыстарын айшықтап отыр. Күні кеше кәсіптерін қалай дамытатынын білмей палата көмегіне жүгінген жандар, бүгінгі күні өз кәсіптерін ұршықша иіріп отыр. Олардың бірі қолөнер бұйымдарын жасаса енді бірі тәттілер пісіріп, бірі бал өнімдерін шығарумен, бірі аспаздықпен, енді бірі массаж салонымен айналысады. Ал «SMM» мен психология бойынша арнайы курстар олардың өз-өзін тауып, алға айқын мақсат қоюларына көп септігін тигізген.
Кәсіпкерлер палатасында «Мен кәсіпкер» жобасы аясында жұмыс істейтін арнайы кеңесшілер бар. Жобаға қызығушылық танытқан жағдайда Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасына 8 /7242/ 40-09-81 нөмірі бойынша немесе Қорқыт Ата 123 мекен-жайы бойынша хабарласуларыңызға болады.