Kyzylorda-news.kz. Мемлекеттік қызметшілерге жұмыс орнында смартфонды пайдалануға рұқсат берілгелі отыр. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін тілшілерге берген жауабында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекеттік органдар орналасқан ғимарат иелері полиция органдарымен бірге нұсқаулыққа қол қоюы тиіс. Осыдан кейін ғана мемлекеттік қызметкерлер ғимаратта смартфондарды қолдана алады. Десе де, ақпараттық қауіпсіздік мәселесін назардан шығармау керек. Тиісті қаулыға бүгін қол қойылды. Ғимарат иелері мен полиция таяуда нұсқаулыққа қол қояды», – деді министр Үкімет отырысынан кейін.

Асқар Жұмағалиев азаматтар үшін мемлекеттік органдарға смартфондарды алып кіру мәселесі тиісті нұсқаулықтармен шешілетінін айтып өтті.

Өз кезегінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мемқызметшілерге нақты қашан рұқсат берілетінін айтты.

«Нақты уақыт белгісіз. Мақұлдануы керек. Әрбір мемлекеттік органда бір айдың ішінде мақұлдануы керек», – деді ол.

Айта кетсек, жақында мемлекеттік орган ғимараттарында мемлекеттік қызметшілерге смартфон пайдалануға рұқсат берілуі мүмкін екені бұған дейін де хабарланған болатын.

Тағы да оқыңыз: