Kyzylorda-news.kz Жуырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған. Осы құжатта «Отбасы банкке» қатысты біраз жаңашылдық бар. Солардың негізгісі жарты жылдан кейін «Отбасы банк» Ұлттық даму институтына айналып, әкімдіктер баспана кезегін «Отбасы банкке» тапсырады. Осылайша үй кезегінде тұрғандардың бірыңғай республикалық базасы құрылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Отбасы банктің Ұлттық даму институтына айналу процесі алты айға созылады. Осы аралықта банк «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» ақпараттық жүйесін іске қосады. Ал әкімдіктер 2025 жылғы 24 мамырға дейін тұрғын үй кезегін Отбасы банкке тапсыруға тиіс. 24 мамырдан бастап қазақстандықтардың баспана кезегіне қою туралы өтініштері осы ақпараттық жүйе арқылы онлайн қабылданады. Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы өтініш берген азаматтардың үйі бар-жоғын, отбасылық және қаржылық жағдайын автоматты түрде тексереді.

«Отбасы банк Ұлттық даму институты болғаннан кейін кезекте тұрғандардың бірыңғай республикалық базасын жүргізіп, «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» арқылы үйге мұқтаж азаматтардан жаңа өтінім қабылдайды. Мұның бәрі Baspana market (otbasybank.kz) порталында жүргізіледі. Ол жерде алдымен авторизациядан өтіп, электронды цифрлық қолтаңбамен қол қою арқылы өтінім беру қажет. Баспанаға мұқтаждар тізіміне екі талапқа сай келетін қазақстандықтар ғана енеді – соңғы бес жыл ішінде меншік құқығында үйі болмаған және жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылғандар», – деп түсіндірді Отбасы банк.

Егер апатты деп танылған жалғыз баспанасы басқа елді мекенде орналасса, бұл азамат кезекке алынбауы мүмкін. Мысалы, апатты деп танылған үйі Алматы облысында орналасып, ал ол өзі Алматы қаласында кезекке тұруға тырысса, оның өтініші қабылданбайды.

Сондай-ақ, үйге мұқтаж жандар арасында пәтер бөлу кезекке тұрған күніне ғана емес, табыс деңгейіне де байланысты болады. Мәселен, егер отбасының кірісі әрбір мүшесіне шаққанда бір күнкөріс деңгейін немесе 43 407 теңгені құраса, оған тұрғын үйдің арендалық төлемін субсидиялау немесе жергілікті атқарушы органдардың жалға берілетін пәтері ұсынылады.

Ал егер отбасының табысы күнкөріс деңгейінен жоғары болса, онда оған ең төменгі бастапқы жарнасы бар және жылдық 2%-дан (ЖТСМ 2%-дан 2,1%-ға дейін) 9%-ға (ЖТСМ 9,3%-дан 11,8%-ға дейін) дейінгі мөлшерлемелер бойынша тұрғын үй бағдарламалары ұсынылады.

«Отбасы банк тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың және соңғы 2 жыл ішінде мемлекеттің қолдауымен баспаналы болғандардың тізімдерін өзінің ресми сайтында жариялап отырады. Бұған қоса тұрғын үйге кезегінде тұрған азаматтардың тізімдерін тоқсан сайын түгендеп, жаңартып тұрады», – деп мәлімдеді Отбасы банк.

Отбасы банк Ұлттық даму институтына ауысқанға дейін жергілікті әкімдіктер тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою жұмысын жалғастырады.

Отбасы банк Ұлттық даму институты болып қайта құрылғаннан кейін де екінші деңгейлі банк ретінде қалады. Яғни банк тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін іске асырады. Бұрынғыдай барлық қазақстандыққа қолжетімді несие, сондай-ақ баспана кезегінде тұрған азаматтарға мемлекеттік бағдарламалар аясында жеңілдетілген заем береді.

Бұдан бөлек жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған баспананың арендасын субсидиялау тетігі де Отбасы банктің құзыретінде қалады.

Фото: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Тағы да оқыңыз: