Kyzylorda-news.kz Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Ел Конституциясында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп айқын жазылған. Бұл – тәуелсіздіктің басты жетістіктерінің бірі. Мемлекеттік тіл – елдің тұтастығы мен бірлігінің кепілі, ұлттық болмыс пен рухани құндылықтың тірегі.
Соңғы жылдары қазақ тілінің қоғамдық өмірдегі қолданыс аясы едәуір кеңейіп келеді. Білім беру, мемлекеттік басқару, мәдениет, БАҚ салаларында қазақ тілі негізгі қарым-қатынас құралына айналуда.
Мемлекеттік органдарда іс жүргізу қазақ тілінде жүзеге асырылып, мемлекеттік қызметкерлердің тілді білу деңгейіне қойылатын талап күшейді.
Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар мен тіл саясаты аясында халықтың қазақ тілін үйренуіне жағдай жасалып, түрлі оқыту орталықтары жұмыс істеуде.
Жастар арасында мемлекеттік тілге деген қызығушылық артып, әлеуметтік желілерде, өнерде, бизнес саласында қазақ тілінің беделі нығая түсуде. Бұл – мемлекеттік тілдің болашағы зор екенін көрсетеді.
Облыстағы барлық мемлекеттік мекемелерде іс жүргізу негізінен қазақ тілінде жүргізіледі. Әкімшілік құрылымдарда, білім беру саласында, мәдениет пен ақпарат құралдарында мемлекеттік тіл басты орынға ие.
Сонымен қатар, облыста мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатында түрлі мәдени-рухани шаралар, байқаулар, семинарлар ұйымдастырылады. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары – теледидар, радио және газет-журналдар қазақ тілінде хабар таратып, халыққа мемлекеттік тілде ақпарат беруді басты міндет санайды.
Қызылорда жастары арасында да мемлекеттік тілдің қолданысы кеңінен тараған. Әлеуметтік желілерде, өнер саласында, жергілікті стартаптар мен кәсіпкерлікте қазақ тілі басым қолданылады. Бұл – облыстың тіл саясатына деген жауапкершілігінің жоғары екенін дәлелдейді.
Бұл ретте сот саласында да сот істерінің мемлекеттік тілде сауатты жүргізілуіне баса мән беріліп, түрлі шаралар мен семинарлар, жиындар, іс қағаздары мемлекеттік тілде жүргізілуі үйлестірілуде.
Сот залдарында іс жүргізу құжаттары, шешімдер мен үкімдер мемлекеттік тілде шығарылады. Электронды сот жүйесі де қазақ тіліне бейімделіп, халыққа ыңғайлы қызмет көрсетуге бағытталуда.
Бұл сот саласындағы әділдіктің қолжетімді болуына, азаматтардың құқықтарының сақталуына септігін тигізеді. Егер тараптардың біреуі қазақ тілін білмесе, онда оларға аударма қызметі қамтамасыз етіледі.
Қызылорда облыстық соты мен оған қарасты аудандық соттарда да мемлекеттік тілдің қолданылуы тұрақты түрде қамтамасыз етілген. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өңірде қаралатын істердің көпшілігі мемлекеттік тілде жүргізіледі.
Мемлекеттік тілдің қолданылу аясы – елдің дамуы мен болашағын айқындайтын маңызды көрсеткіш. Әсіресе сот саласында қазақ тілінің орны ерекше, себебі әділдік пен заңдылықтың жүзеге асуы тікелей мемлекеттік тілдің қолданысына байланысты. Қазақ тілінің абыройын арттыру – әрбір азаматтың парызы. Мемлекеттік тілдің беделі артқан сайын, елдің бірлігі мен тұтастығы да нығая бермек.
А.Өмірзақ,
Қызылорда облысының мамандандырылған
ауданаралық әкімшілік сотының бас маманы
Фото: sarangazeti.kz
