Kyzylorda-news.kz Қызылорда облсында мемлекеттік тілді насихаттау және этносаралық келісімді нығайту бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың қорытындысына арналған жиын өтті. Іс-шараға Қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары, модератор Дәулет Омаров, тіл жанашырлары, тіл мамандары, жастар және Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе жұмыс істеп келе жатқан серіктес мекемелердің өкілдері қатысты.

Жиында сөз сөйлеген Дәулет Омаров барша қатысушыларды Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, Сыр өңірінің этносаралық келісім мен бірлікті нығайтуда өзіндік орны бар екенін атап өтті. Бүгінде Қызылорда облысында 35-тен астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Осы бағытта этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілді кеңінен насихаттау мақсатында «Мың бала» және «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» республикалық жобалары аясында кешенді жұмыстар жүзеге асырылуда.

АССАМБЛЕЯ (4).jpg

Атап айтқанда, жыл бойы «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы шеңберінде 50-ден аса, ал «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» жобасы аясында 30-ға жуық түрлі форматтағы іс-шара ұйымдастырылды. Мектептер мен мекемелерде интеллектуалдық сайыстар, дөңгелек үстелдер, байқаулар өткізілді. Сонымен қатар кең көлемде өткен «Өнерлі өрге жүзер», «Ассамблея аруы – 2025» сұлулық байқауы мен «ҚАЗАҚША QUIZ» интеллектуалдық ойыны көпшілік тарапынан жоғары бағаланды. Жалпы аталған іс-шараларға 5 мыңнан астам адам қамтылды.

Жобалар аясында этнос өкілдеріне арналған қазақ тілі курстары ұйымдастырылып, 50-ге жуық этнос өкілі мемлекеттік тілді базалық деңгейде меңгеріп шықты. Бұл бастамалар мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін арттыруға зор үлес қосты.

Жиын барысында №23 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Меруерт Маратқызы, №5 мектеп-лицейінің мұғалімі, ҚХА белсендісі Альфия Фауисовна, Қызылорда облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ішкі және сыртқы коммуникация қызметінің маманы Данагүл Жеңісқызы, сондай-ақ №233 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мөлдір Мақсұтбекқызы сөз сөйлеп, өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Іс-шара соңында мемлекеттік тілді дамытуға белсенді атсалысып жүрген тіл жанашырлары арнайы марапаттарға ие болды. Қорытынды сөзінде Дәулет Омаров мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру – баршамыздың ортақ міндетіміз екенін атап өтіп, жиынға қатысқан барлық тіл мамандарына алғысын білдірді.

АССАМБЛЕЯ (1).jpg

Тағы да оқыңыз: