Kyzylorda-news.kz. Өткен жылдың 27 желтоқсанында мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ережелеріне өзгерістер енді. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген заң тәртібіне қатысты сұрақтарға  кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Әйгерім Рахымжанова жауап берді.

 – Әйгерім, сәлеметсіз бе. Мемлекеттік сатып алу саласына қатысты нормативтік-құқықтық құжаттарға қандай өзгерістер енгізілді? Биылғы жылы қандай жаңалықтар бар?

 – Мемлекеттік сатып алу ережелерінде бірнеше өзгерістер бар. Соның бірі «электронды әмиянға» қатысты. Бұл термин өткен жылдан бастап қолданысқа енді. Былтыр әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алудың веб-порталын пайдалану үшін тарифті қосуға ғана пайдаланған болса,  2020 жылғы 1 қаңтардан бастап кепілдемелік ақшалай жарна түріндегі өтінімнің қамтамасыз ету сомасы әлеуетті өнім берушінің электрондық әмияны  арқылы аударылатын болады. Яғни, әмиянға алдын ала ақша қаражатын салып қойып, қатысатын сатып алуларға әмияннан таратады. Электрондық әмиянмен жұмыс жасау әлеуетті өнім берушінің ақша қаражатын тиімді реттеуіне ықпал етеді. Өтінімді қамтамасыз етуді енгізу талабы бағалық ұсыныстарды сұрату тәсіліне де енгізіліп отыр.

– Мемлекеттік сатып алу саласы бойынша жылда көтерілетін мәселе – кәсіпкерлердің жұмыс тәжірибесі. Бұл бағытта қандай да бір жаңалық бар ма?

            – 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап құрылыс саласындағыжұмыстарды сатып алулардағы жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттар (пайдалануға беру актісі мен қабылдау актісі) тек электронды депозитарийге енгізілген ақпараттармен  есептелінеді. Айта кету керек, Электрондық депозитарий базасы 2019 жылғы 1 қыркүйектен бастап іске қосылған болатын. Бұл база әлеуетті өнім берушілерің жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттар туралы дұрыс емес ақпарат беру мәселесін шешеді.

– Осы жерде мемлекеттік сатып алу конкурсында баға ұсынысына әсер ететін критерий бар ма?

            – Бар. Жаңа критерийлер:

1) Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес, ұсынылатын тауарларға ерікті сәйкестікті растау жүргізілгенін растайтын құжаттың;

2) сапа менеджменті сертификатталған жүйесінің (сертификатталған жүйелерінің) сәйкестігін растайтын құжаттың;

3)  қоршаған ортаны басқару менеджменті жүйесінің ұлттық стандартқа сәйкестігін растайтын құжаттың;

4) ұсынылған тауардың экологиялық таза өнім стандартына сәйкестіктігін растайтын құжаттың бар болуын төленген салықтар көрсеткіші жаңа өлшемшарттар ретінде ауыстырылды.

Яғни, әлеуетті өнім берушінің салық көрсеткіші 3%-дан асатын болса, веб-портал автоматты түрде 1/10 %-дан асатын әрбір 0,1% пайыз үшін 0,1% мөлшерінде, бірақ 3% -дан аспайтын шартты жеңілдік тағайындайды.

– Шартты жеңілдіктер бірдей болған жағдайда жеңімпазды қалай анықтайды?

– Биыл бұған қатысты ережеде жаңа тәсіл енгізілді. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап, егер конкурстық баға ұсыныстарының шартты жеңілдіктері тең болса, салықты көп мөлшерде төлеген қатысушы емес, салық жүктемесі жоғары қатысушы жеңімпаз болып танылады. Бұл әдіс мемлекеттік сатып алуға қатысушылар үшін тең мүмкіндік береді. Енді тең шартты бағамен шағын компаниялар салық жүктемесі тұрғысынан ірі компаниялармен бәсекеге түсе алады. Осы жерде айта кететін бір жайт, ережеге енгізілген өзгеріске сай шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында жұмыстарды сатып алуға шартты жеңілдіктерден 2000 АЕК-тен аспайтын шартты жеңілдіктің көрсеткіші максимальды  5%-ды құрайтын болады. Бұл өзгерістер шағын компанияларға 10 немесе одан көп жылдық тәжірибесі бар ірі компаниялармен бәсекелесуге мүмкіндік береді.

– Қателеспесем, өткен жылы мемлекеттік сатып алу ережесіне енген жаңалықтардың бірі қаржылық тұрақтылыққа қатысты болатын. Биыл өзгеріс бар ма?

– Иә, өзгеріс бар. 2020 жылғы 1 шілдеден бастап конкурсқа (аукционға) қатысатын барлық әлеуетті өнім берушілерге қаржылық тұрақтылық түріндегі біліктілік талабы қойылады:

1) егер тауарларды сатып алуға (лотқа) бөлінген сома 4 мың АЕК-тен асса;

2) егер жұмыстарды сатып алуға (лотқа) бөлінген сома 8 мың АЕК-тен асса;

3) егер қызметтерді сатып алуға (лотқа) бөлінген сома 20 мың АЕК-тен асса.

Сонымен бірге, тауарларды сатып алуға қатысатын қаржылық тұрақтылыққа қатысты талап әлеуетті өнім берушінің төленген кірістер мен салықтардың көрсеткіштері сәйкес болғанда ғана қолданылады.

– Әйгерім, сұхбатыңызға рахмет. Жақсы, сау болыңыз!

Тағы да оқыңыз: