Kyzylorda-news.kz. Ту, Елтаңба, Әнұран! Рух биіктігінің, ұлт тұстастығының символы. Біздің көгілдір байрағымыз көп тудың арасынан көзге ерекше ыстық көрінеді. Қанатты пырақтар көмкерген Елтаңбамыз елдіктің басты белгісі болып төрде тұр. Әнұранымыз шырқалғанда, жүрек тұсымызға қолымызды қойып, оны қосыла айту әрбіріміздің көкірегімізге мақтаныш сезімін ұялатады. 

 Тәуелсіздік жарияланған соң, еліміздің мемлекеттік рәміздерді әзірлеу жұмыстары басталып, 1992 жылдың басында жұмыс тобы құрылды, жаңа рәміздерге байқау жарияланды. Оған шығармашылық саланың көптеген өкілдері, талантты қылқалам шеберлері, сазгерлер мен ақындар қатысқаны белгілі.

Көк аспаннан тараған алтын шапақ

Ту жер жүзіндегі мемлекеттердің барлығының басты белгісі болып саналатындықтан, бұл рәміз сол елдің тарихынан, дәстүрінен, ерекшелігінен хабар беруі тиіс. Вексиллология ғылымы әлемдегі барлық тулар туралы зерттеп, оның әрқайсындағы белгілердің, түстердің, көлемнің қалай таңдалғанын түсіндіріп отырады. 

Елімізде Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өткен Мемлекеттік ту конкурсына Қазақстан, ТМД, Түркия, Германия, Моңғолия елдерінен 600 адам қатысқан екен. Бас-аяғы 1200 жоба  талқыға түсіп, белгілі суретші Шәкен Ниязбеков жасаған қазіргі аспан түстес туымыз таңдалып алынған. Ұсынылған жобалардың арасында шаңырақ пен ай, көк бөрі мен үш жолақ, жұлдызшалар бейнеленген нұсқалар болды.

Шәкен Ниязбеков – еліміздің ең басты рәміздерін жасағанға дейін Эрмитажды, Исаак соборын және Петр сарайын қалпына келтіруге қатысқан танымал суретші. «Глобус» теледидарының дизайнын, «Бейбітшілікті қолдаймыз!» атты плакаттарын жасаған. Монреальдағы «EXPO-1967» көрмесіне қатысқан, Алматы қаласындағы Республика алаңын, бірнеше ғимаратты безендірген.

 Ш.Ниязбеков жеңімпаздың құрметіне Ту көтерілуі, Әнұран ойнауы бүкіл халықтың жеңісі екенін айтқан өз естеліктерінде. «Менің Мемлекеттік рәміздерге деген көзқарасым – таза адами көзқарас, бойымда терең құрмет пен мақтаныш сезімін тудырады. Қазақстанның Мемлекеттік рәміздерін жасауға атсалысқанымды мақтан етемін!» деп жазған ол.

Автор ел байрағын жасауға жарты жыл уақытын арнаған. Ең алдымен, әлемдегі туларды зерделеп, қайталанбас өзіндік нұсқа іздеген. Конкурсқа  түскен жобалардың арасында үш түсті, қызыл, сары, тіпті қоңыр түстілері де болған. Ал Ш.Ниязбеков көгілдір түске тоқтаған.

Көгілдір түс – ең алдымен ашық аспанның белгісі,  ал ашық аспан астында бірлігі бекем, ынтымағы мығым ел тіршілік етеді. Шапағынан  алтын нұр тараған күн – тыныштық пен байлықтың белгісі. Қанатын жайған қыран құс айбын, тәуелсіздік, болашаққа ұмтылысты бейнелейді. Қыранның ұлан-байтақ кеңістікте қалықтап ұшқаны халқымыздың еркіндіксүйгіштігін, азаттық жолындағы асқақ рухын айғақтап тұр.

«Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің қалыптасу тарихы» альбом-кітабында тарихшы, профессор Бүркітбай Аяған «Мемлекеттік рәміздердің ерекше бір нысаны – Ту. Қазақтың көк байрағының тарихы Түркі қағанаты, Хазар қағанаты, Селжұқ қағанаты, Ақсақ Темір мемлекеті және Қазақ хандықтарының тарихымен сабақтас. «Көк» сөзінің көне түркі тіліндегі бір мағынасы «шығыс», «шығыстық» деген ұғымға сәйкес келеді. Қазақстан Республикасының Туындағы күн бейнесі – ежелден белгілі тарихтық нышан, тіршіліктің негізі мен жарық сәулесін білдіреді. Қазақтың тарихи тамыры сақ, үйсін, ғұн және басқа тайпалармен байланысты. Тәңіршілдікті ұстанған ежелгі түріктер көк аспанға, күнге, ауаға, жерге табынған. Сондықтан Тудың көк түсі халықтардың өзара тарихи сабақтастығын аңғартады. Бүркіт бейнесі билік пен күштің белгісі ретінде танымал. Сондықтан, бұл геральдикалық нышан әлемде көптеген елдердің мемлекеттік эмблемасы ретінде көрініс тапқан», – деп жазды.

Еліміздегі биіктігі 100 метрден асатын бас тутұғыр Астанадағы «Атамекен» этно-мемориалдық кешенде орналасқан.  Онда жалпы ауданы 450 шаршы метр,  өлшемі 15-тен 30 метрге дейін жететін Ту желбіреп тұр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміздің Мемлекеттік рәміздеріне қатысты қағидалар қайта қаралды. Өйткені бұрынғы заңнамада Туды пайдалануға байланысты шектеулер болған еді.   Бүгінде Мемлекеттік туды ғимараттарда, балкондарда және салтанатты іс-шаралар өткізілетін орындарда ел азаматтарының жетістіктерін қолдау үшін пайдаланамыз.

Көк байрақ қазақтың сан ғасырлық тарихының, елдік мұрат жолындағы бастамаларының, кемел келешекке деген ұмтылысының басты белгісі болып желбіреп тұр. Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның Туы!

 

Тағы да оқыңыз: