Kyzylorda-news.kz Мемлекеттік орман қоры жерлері – елдің экологиялық тепе-теңдігін сақтауда, табиғи ресурстарды қорғауда маңызды рөл атқаратын аумақтар. Бұл жерлерде шаруашылық қызметті жүзеге асыру, соның ішінде мал жаю мен шөп шабу, Қазақстан Республикасының орман заңнамасына сәйкес қатаң түрде реттеледі.
Мемлекеттік орман қоры жерлері мемлекет меншігінде болады және оларды пайдалану ерекше тәртіппен жүзеге асырылады. Аталған жерлердің негізгі мақсаты – ормандарды сақтау, қорғау және қалпына келтіру. Сондықтан бұл аумақтарда кез келген қызмет түрі орман экожүйесіне зиян келтірмеуі тиіс.
Мемлекеттік орман қоры жерлерінде мал жаюға тек орман шаруашылығы мекемесінің немесе уәкілетті мемлекеттік органның рұқсатымен ғана жол беріледі. Мал жаю кезінде жас ағаш көшеттеріне, бұталарға және табиғи өсімге зиян келтірмеу қажет. Орманды қалпына келтіру учаскелерінде, жас ормандарда және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда мал жаюға тыйым салынады.
Сонымен қатар малдың ретсіз жайылуының алдын алу, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау және орман аумағын ластамау негізгі міндет болып табылады.
Шөп шабу жұмыстары мемлекеттік орман қоры жерлерінде тек арнайы белгіленген учаскелерде және бекітілген мерзімдерде жүргізіледі. Бұл жұмыстар табиғи өсімдік жамылғысына, жануарлар дүниесіне және топырақ қабатына зиян келтірмей жүзеге асырылуы тиіс.
Орман алқаптарына зақым келтіретін техникаларды қолдануға, сондай-ақ рұқсатсыз шөп шабуға жол берілмейді.
Мемлекеттік орман қоры жерлерін рұқсатсыз пайдалану, оның ішінде мал жаю немесе шөп шабу заң бұзушылық болып табылады. Мұндай әрекеттер үшін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген және келтірілген залал өтелуге тиіс.
Мемлекеттік орман қоры жерлерін ұтымды пайдалану – табиғатты қорғау мен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің маңызды бөлігі. Мал жаю мен шөп шабу кезінде белгіленген талаптарды сақтау арқылы орман ресурстарын сақтауға және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге болады.
