Kyzylorda-news.kz Мемлекеттік қызметтің тиімділігі ең алдымен білікті кадрларға, олардың кәсіби тәжірибесі мен жауапкершілігіне байланысты. Осы ретте мемлекеттік қызметшілерді ауысу тәртібімен тағайындау мемлекеттік аппаратты кәсіби мамандармен жасақтаудың және кадрлық әлеуетті тиімді пайдаланудың маңызды тетігі болып саналады.

Аталған бағытта Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 152 «Мемлекеттік қызмет өткерудің кейбір мәселелері туралы» Жарлығымен бекітілген «Б» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізілместен, ауысу тәртібімен орналасу қағидаларына өзгерістер енгізілді.

Жаңа талаптардың мазмұнын, оларды қолдану ерекшеліктерін және мемлекеттік органдар ескеруі тиіс негізгі мәселелер жөніндегі сұрақтарға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Бибітова Мирамкүл Малайқызы жауап берді.

– Мирамкүл Малайқызы, әңгімемізді мемлекеттік қызметшілерді ауысу тәртібімен тағайындауға енгізілген өзгерістерден бастасақ. Жаңартылған талаптардың негізгі ерекшелігі неде?

Енгізілген өзгерістердің басты ерекшелігі – мемлекеттік қызметшілерді ауысу тәртібімен тағайындауға болатын жағдайлар мен оған қойылатын талаптардың нақтылануы. Бұл кадрлық шешімдерді қабылдау кезінде құқықтық нормаларды дұрыс қолдануға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, белгілі бір мемлекеттік органдардың ішінде және олардан басқа мемлекеттік органдарға ауысу, мемлекеттік саяси лауазымнан немесе «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымынан «Б» корпусына ауысу мүмкіндіктері қарастырылған. Сонымен қатар негізгі қызметші жұмысқа оралған кезде уақытша бос лауазымды атқарып жүрген қызметшіні төмен тұрған лауазымға ауыстыру мәселесі де қамтылған.
Мұндағы маңызды мәселе – әрбір тағайындаудың нақты құқықтық негізін айқындау. Өйткені кадрлық шешімдер заң талаптарына сәйкес қабылданып, мемлекеттік қызметтің кәсіби әрі тұрақты жұмыс істеуіне ықпал етуі керек.

– Ауысу тәртібімен тағайындаудың қандай негізгі жағдайлары қарастырылған?

Қағидаларда ауысу тәртібімен тағайындаудың бес негізгі жағдайы көзделген. Біріншісі – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының, Құрылтай Аппаратының, Үкімет Аппаратының, Президент Іс басқармасының және Қазақстан Халық Кеңесі Хатшылығының «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына, сондай-ақ осы органдардан басқа мемлекеттік органдарға ауысу. Екіншісі – аталған мемлекеттік органдардың ішінде ауысу. Үшіншісі – мемлекеттік саяси лауазымнан немесе «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымынан «Б» корпусына ауысу. Төртіншісі – белгіленген еңбек өтілі мен қызметті бағалау талаптары сақталған жағдайда, «Б» корпусының бір лауазымынан басқа лауазымына ауысу. Бесіншісі – негізгі қызметші жұмысқа шыққан кезде уақытша бос лауазымды атқарып жүрген қызметшіні сол мемлекеттік органның ішінде төмен тұрған лауазымға ауыстыру. Көріп отырғанымыздай, әрбір жағдайдың өзіндік ерекшелігі бар. Сондықтан мемлекеттік органдар ауысу тәртібін қолданар алдында оның нақты негізін анықтап, тиісті талаптарды басшылыққа алуы қажет.

– «Б» корпусының бір лауазымынан басқа лауазымына ауысу үшін қызметшілерге қандай арнайы талаптар қойылады?

Бұл жағдайда мемлекеттік қызметшінің алдыңғы лауазымда кемінде бір жыл жұмыс істеуі және қатарынан төрт тоқсан бойы қызметін бағалау нәтижесі бойынша «функционалдық міндеттерді тиімді орындайды» деген баға алуы талап етіледі. Мұндай талаптар қызметшінің кәсіби тәжірибесі мен жұмыс нәтижелерін ескеруге бағытталған. Яғни лауазымға ауыстыру кезінде еңбек өтілі ғана емес, қызметтік міндеттерді орындау сапасы да маңызды рөл атқарады. Менің ойымша, мемлекеттік қызметшінің кәсіби өсуі оның жинақтаған тәжірибесімен, жауапкершілігімен және нақты нәтижелерімен бағалануы керек. Осы тұрғыдан алғанда, белгіленген талаптар кадрлық шешімдерді қабылдау кезінде қызметшінің кәсіби әлеуетін ескеруге мүмкіндік береді.

– Осы бір жылдық еңбек өтілі мен төрт тоқсандық бағалау талабы ауысудың барлық түріне бірдей қолданыла ма?

Жоқ, бұл талаптар ауысу тәртібімен тағайындаудың барлық түріне бірдей қолданылмайды. Аталған шарттар «Б» корпусының бір мемлекеттік әкімшілік лауазымынан басқа мемлекеттік әкімшілік лауазымына ауысу жағдайына қатысты белгіленген. Ал басқа жағдайларда тиісті құқықтық негіз бен сол жағдайға қойылатын талаптар ескеріледі. Сондықтан бұл мәселені дұрыс түсіну маңызды. Бір жағдайға арналған талаптарды ауысудың өзге түрлеріне автоматты түрде қолдануға болмайды. Ең алдымен, ауысудың негізі айқындалып, содан кейін қолданыстағы қағидалардың тиісті нормалары басшылыққа алынуы қажет.

– Ал ауысу тәртібімен тағайындалатын мемлекеттік қызметшілерге ортақ қандай талаптар қойылады?

Қағидалардың 3-тармағына сәйкес, ауысу тәртібімен тағайындалатын мемлекеттік қызметші тиісті біліктілік талаптарына сәйкес болуы керек. Сонымен қатар оның соңғы алты ай ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны немесе қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны үшін тәртіптік жазасы болмауы қажет. Бұл талаптар қызметшінің ұсынылып отырған лауазымға сәйкестігін және тәртіптік жағдайын ескеруге бағытталған. Себебі мемлекеттік қызметшіге қойылатын талаптар кәсіби білім мен тәжірибемен ғана шектелмейді. Қызметтік әдепті сақтау, заңдылық қағидаттарын ұстану және өз міндетіне жауапкершілікпен қарау да ерекше маңызға ие. Мемлекеттік қызметке деген сенім әрбір қызметшінің күнделікті жұмысынан қалыптасады. Сондықтан кадрлық шешім қабылдау кезінде біліктілік талаптарымен қатар, тәртіптік шектеулердің де сақталуы мұқият тексерілуге тиіс.

– Негізгі қызметші жұмысқа қайта оралған жағдайда, оның орнына уақытша бос лауазымды атқарып жүрген қызметшінің жағдайы қалай реттеледі?

Қағидаларға сәйкес, лауазымы сақталған негізгі қызметші жұмысқа шыққан кезде оның орнына уақытша бос лауазымды атқарып жүрген мемлекеттік әкімшілік қызметшіні сол мемлекеттік органның ішінде төмен тұрған лауазымға ауыстыруға болады. Бұл норма негізгі қызметшінің өз лауазымына қайта кірісуіне байланысты туындайтын кадрлық мәселелерді реттеуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге уақытша бос лауазымда қызмет атқарған маманның мемлекеттік қызметті одан әрі жалғастыру мүмкіндігі де ескеріледі. Алайда төмен тұрған лауазымға ауыстыру міндетті түрде жүзеге асырылуы керек деген түсінік болмауы тиіс. Қағидалар мұндай мүмкіндік береді, ал нақты шешім қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қабылданады.

– Мемлекеттік органдар ауысу тәртібімен тағайындау кезінде келісу және құжаттарды ресімдеу мәселелеріне нені ескеруі қажет?

Ауысу тәртібімен тағайындау кезінде ең алдымен кадрлық шешімнің құқықтық негізі дұрыс айқындалуы керек. Егер ауысу мемлекеттік органдар арасында жүзеге асырылса, тиісті органдардың құзыреті, тағайындау туралы шешім қабылдайтын тұлғаның өкілеттігі және заңнамада көзделген рәсімдер ескеріледі. Бұл ретте кадр қызметтерінің жауапкершілігі ерекше. Олардың міндеті құжаттарды дайындаумен ғана шектелмей, ұсынылып отырған тағайындаудың заңнамаға сәйкестігін қамтамасыз етуді де қамтиды. Сондықтан әрбір рәсімді орындау кезінде қолданыстағы нормативтік құқықтық актілердің тиісті нормалары басшылыққа алынуы қажет. Құжаттардың дұрыс ресімделуі мен заң талаптарының сақталуы кадрлық шешімдердің негізді әрі құқықтық тұрғыдан дұрыс қабылдануына ықпал етеді.

Сурет: Нұрболат Нұржаубай

Тағы да оқыңыз: