Бүгін мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында Арал ауданында мемлекеттік қызметшілер арасында спорттық сайыстар ұйымдастырылды.
Күнделікті қауырт жұмыс арасында спортқа ден қойып, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған командалық сайыс спорттың бірнеше түрінен өтті.
Іс-шараның ашылуына аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев арнайы қатысып, мамандарды кәсіби мерекемен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Спорттық сайыстар арқан тарту, эстафета, гір тасын көтеру, қол күрес және асық ату ойындары мен үстел теннисі бойынша өтіп, қатысушылар өзара бақ сынады. Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен жеңімпаз командалар мен жүлдегерлер арнайы марапаттарға ие болды.
Жарысқа «Алтын көпір», «Әділет», «Аral stars» және «Бірлік» командалары қатысып, тартысқа толы сайыстың көркін кіргізді.
Ойын қорытындысы бойынша түрлі сайыста көзге түскен команданың мүшелері көпшілік алғысына бөленіп, арнайы марапатқа ие болды.

