Kyzylorda-news.kz   Мемлекеттік қызметшілер және Қазақстан Полициясының мерейлі мерекесіне орай Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбектің мерекелік қабылдауы өтті.

  Аудан басшысы мемлекеттік қызметшілер мен Полиция қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.

– Тәуелсіздік алған жылдардан бастап жас мемлекеттің қалыптасу бағытында мемлекеттік қызметкерлер ерекше еңбек етіп, ол еңбекті уақыт талабына сай жалғастырып келеді. Өз мәндеттеріңізді кәсіби деңгейде атқарып, тәуелсіздік, демографиялық, әлеуметтік, құқықтық мемлекет болып қалыптасуына үлкен жұмыс қосып отырсыздар. Мемлекеттік қызмет – елдің сенімін ақтау, ұлтымыздың абыройын арттыру жолында жауапты қызмет. Ол жалпы үшін қызмет ету түсіне білгенге зор бақыт. Аудан тұрғындарының әлеуметтік-экономикалыфқ дамуына, олардың болашағын жақсарту бағытында мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін жауапкершілік мемлекеттік қызметшілерге жүктелгені белгілі. Осы ретте өздеріңіздің тәжірибелеріңіздің арқасында ауданымыздың дамуы үшін жүйелі жұмыстар мен жақсы бастамалар жалғасын таба береді деп сенемін. Елге қызмет ету қашанда мерейлі мәртебе екенін ойласақ, өңірімізді өркендету жолында еселі еңбек жасағандарыңыз үшін ризашылығымды жеткіземін. Сонымен қатар, жыл сайын мемлекеттік қызметшілер күнімен қатар келетін полиция саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтаймын. Полиция қызметкерлері әрқашанда азаматтардың конституциялық құқын қорғауға елеулі үлес қосып, қылмыстың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және елдің бейбіт өмірі мен тыныштығын орнатуға уақытпен санаспай еңбек етіп келесіздер. Өз қызметтеріңізді атқаруда адалдық танытып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, халық арасында  сақтық жұмысын жүргізген азаматтардың тыныштығын, заңдылық пен құқық тәртібін қолдайтын білікті мамандардың қатары көбей берсін. Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, мықты денсаулық, зор табыс, елімізге кемел келешек тілеймін, – деді аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы.

  Сондай ақ, Тәуелсіздік жылдарында ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан ардагерлердің еселі еңбектерін тілге тиек етіп, ризашылығын жеткізді.

  Одан кейін, іс-шара барысында ауданның ілгері дамуына айрықша үлес қосып, әр салада табысты еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерге облыс және аудан әкімінің алғыс хаттары табысталды. Аудандық қоғамдық даму, экономика және қаржы бөлімдері мен Төретам кенті әкімі аппаратына жаңа қызметтік автокөліктердің кілті тапсырылды. Сонымен қатар, шағын футболдан өткен аудан әкімінің кубогына арналған турнир жеңімпаздары марапатталды.

  Осы орайда айта кеткен жөн, аудан әкімінің кубогы үшін өткен турнирде «Полиция бөлімі» командасы топ жарса, екінші орынды «Жосалы кенті әкімі аппараты» жеңіп алды. Ал үшінші орынды «Қорқыт елі» (аудандық қоғамдық даму, білім, мәдениет және тілдерді дамыту, дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімдерінен құралған) командасы қанжығасына байлады.

  Жиын соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, құқық қорғау органдарының ардагері Есет Назарқұлов, мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов құттықтау сөз сөйлеп, ақжарма тілектерін жеткізді.

Тағы да оқыңыз: