Kyzylorda-news.kz Шиелі ауданы әкімдігінде аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына енгізілген өзгерістерді түсіндіруге арналған кездесу-семинар өтті.
Жиынға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ерлеген Мендалиев, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Ақзада Мадалиева, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер қатысты.
Жиында Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков мемлекеттік қызметтің қоғамдағы орны мен маңызына тоқталып, бұл саланың ел мен халық алдындағы үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.
Аудан басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз», – деген қағидасын негізге ала отырып, әрбір мемлекеттік қызметші халық сенімін ақтап, заңдылық, ашықтық, әділдік және кәсібилік қағидаттарын берік ұстануы қажеттігін жеткізді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 19 мамырдағы «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына енгізілген өзгерістердің 2026 жылғы 1 шілдеден бастап заңды күшіне енгенін атап өтіп, аталған өзгерістер мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіруге, кадрлық үдерістердің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық мәртебесін нығайтуға бағытталғанын айтты.
Жиын барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ерлеген Мендалиев заңнамаға енгізілген өзгерістерге жан-жақты тоқталып, олардың мемлекеттік қызметті одан әрі кәсібилендіру, меритократия қағидаттарын нығайту, мемлекеттік аппараттың тиімділігі мен ашықтығын арттырудағы маңызын кеңінен түсіндірді. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен міндеттері, қызметтік әдеп талаптарын сақтау және заң талаптарын мүлтіксіз орындаудың маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Ақзада Мадалиева мемлекеттік қызмет жүйесін дамытудағы кадр даярлау мәселелеріне тоқталып, жас мамандарды мемлекеттік қызметке тарту, олардың кәсіби біліктілігін арттыру, қайта даярлау және үздіксіз білім алу мүмкіндіктері туралы кеңінен ақпарат берді.
Кездесу барысында мемлекеттік қызметшілер заңнамадағы өзгерістерге қатысты өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Ашық пікір алмасу форматында өткен семинарда заң талаптарын тәжірибеде тиімді қолдану, мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру және қызметтік әдепті сақтау мәселелері жан-жақты талқыланды.
Жиын соңында аудан басшысы Айтбай Жандарбеков мемлекеттік қызметтің басты мақсаты - халыққа адал әрі сапалы қызмет көрсету екенін атап өтіп, барлық мемлекеттік қызметшілерді заң талаптарын қатаң сақтауға, Әдеп кодексінің нормаларын басшылыққа алуға, кәсібилік пен жауапкершілікті, ашықтық пен адалдық қағидаттарын әрдайым ұстануға шақырды.

