Kyzylorda-news.kz. Соңғы жылдары еліміз мемлекеттік қызметті реформалауда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Заң жүйесі жасалды, мемлекеттік қызметкерлердің құқығы, міндеттері және мәртебесі айқындалды, мемлекеттік органдардың уәкілеттілігі белгіленді.
Қоғамның дамуы халықтың өмір сүру жағдайын тиімді және сапалы ету мақсатында мемлекет пен азаматтардың арасындағы қарым-қатынастарды өзгерту мүмкіндіктерін қарастыруды талап етіп отыр.Бұл бағытта тынымсыз жұмыстар жүргізілуде.
2021 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (бұдан әрі – Кодекс) қолданысқа енгізілді.
Аталған Кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, оларды жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін, сонымен қатар жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарын қарау тәртібін реттейді.
Кодексте арыз иесінің әкімшілік актіге немесе әкімшілік әрекетке шағым беру құқықтары айқындалған. Яғни, арыз иесінің сотқа дейінгі тәртіпті сақтай отырып, мемлекеттік органдардың жауабына немесе әкімшілік әрекетіне шағым беру құқығы атап өтілген.
Кодекстің 91-бабының 4-бөлігіне сәйкес арыз иесінің шағымы әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік органға беріледі.
Мемлекеттік орган шағыммен келіспеген жағдайда, оны келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей шағымды қарайтын органға жіберуге міндетті.
Дегенмен, аталған талаптарды білмеу себебінен, 37 азаматтар мен заңды тұлғалар шағымдарын Департаменттің қарауына жолдауда. Бұл ретте, шағымда көрсетілген көптеген мәселелер Департаменттің құзыреттілігіне кірмейтіндіктен, азматтардың шағымдары құзыреттілігі бойынша уәкілетті органдарға жолданып, оларды қарау барысында бос әуре-сарсаңдыққа салу әрекеттерінің туындауы ықтимал.
Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментімен (әрі қарай - Департамент) 2023 жылдың қорытындысы бойынша қаралған жолданымдарға (арыз, шағымдар) және оларды қарау барысында туындайтын сұрақтарға талдау жүргізілді.
Департаментке 2023 жылы жеке және заңды тұлғалардан барлығы – 270 жолданым түскен. Сонымен қатар, жеке сұрақтарымен – 73 азамат қабылданып, оларға ауызша түсіндірмелер берілді.
Департаменттің негізгі бағытына кіретін мемлекеттік қызмет заңнамасы талаптарының бұзылуы бойынша 44 жолданым түсіп, оның 30-ы бойынша түсіндірмелер берілсе, 14-і бойынша тексерулер жүргізіліп, тиісті шешімдер қабылданған.
Бұл бағытта жиі көтерілген сұрақтарға бос лауазымдарға конкурс өткізу тәртібін бұзуы (10), тәртіптік жаза қолдану (7), мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтамауы (8) және 29 басқа мәселелерді жатқызуға болады.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына қатысты 56 жолданым келіп түсіп, оның 18-і бойынша тиісті шешім қабылданды. Қызмет алушылардың тарапынан жиі көтерілген мәселелер жер қатынастары (11), жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар (3), сәулет және қала құрылыс (2) және басқа да болып отыр.
Жолданымдарды саралап қарайтын болсақ, түскен 270 өтініштің 126-ы немесе 46,7% басқа органдарға жолданған. Құзыреттілік шегінде тек 144 немесе 51,6% қаралған. Бұдан басқа 20 жолданым тоқтатылған.
Статистикалық мәліметтерден байқалғандай, департаментке келіп түскен жолданымдардың жартысына жуығы басқа органдарға жолданған.
Атап айтқанда, бұл жолданымдарды қарау департаменттің құзырына жатпайды.
Департаментпен өтініштердің басқа органдарға осылай жиі жолдану себептеріне де талдау жүргізілді. Оның нәтижесі келесідей.
Ең көп орын алған себептердің бірі - бұл жолданымда көрсетілген мемлекеттік сатып алу негізінде жасалған шарттардың орындалу мәселесі.
Мемлекеттік сатып алу және шарттардың орындалуы бойынша мәселелер ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңнамасымен және ҚР Азаматтық кодексімен қаралады және бұл шағымдар бойынша тиісті уәкілетті органға немесе сотқа жүгіну қажет.
Келесі себеп, шағымда көтерілген мәселелердің Департаменттің құзыретіне кірмейтіні және көрсетілген тұлғалардың мемлекеттік қызметші болып табылмауы.
Мысалы, арыз берушілер квазимемлекеттік органдардың қызметкерлеріне (білім саласындағы ұйымдардың қызметкерлері, коммуналдық ұйымдардың қызметкерлері) шағымданады. Олар азаматтық қызметшілер санатына жатқызылған. Аталған қызметшілердің жауаптылығы еңбек заңнамасымен қаралады және бұл шағымдар сол мемлекеттік органның басшысына тікелей жолдануы тиіс.
Бұдан бөлек, шағымда көтерілген мәселелердің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізілімінде болмауы (22). Мемлекеттік органның барлық функциясын мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге жатқызуға болмайды. Қандай қызметтер тізілімінде бар екенін білу үшін Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушысының 2020 жылғы 31 қаңтардағы №39/НК бұйрығымен бекітілген тізілімнен қарауға болады.
Айта кететін мәселе, біраз өтініш иелері жолданымда көтерілетін мәселенің қаралуы департаменттің құзырына жатпайтынын біле тұрса да, «Сіздер арқылы өтінішті жолдасақ онда бақылау болады» деген пікірде. Әрине, біз бұны департаментке деген сенім білдірушілік деп қабылдаймыз. Дегенмен де, жолданымдардың қарау тәртібін реттейтін нормативтік-құқықтық актілердің нормаларына жүгінгеніміз, оны сақтағанымыз әлдеқайда тиімдірек.
Талдау қорытындысы көрсеткендей, департамент мемлекеттік органдардың кез келген әрекетіне, қабылдаған шешіміне қатысты түскен жолданымдарды қарай бермейді.
Осыған орай, жеке және заңды тұлғаларға арыз және шағымдарыңызды департаментке жолдамас бұрын, ондағы көтерілген мәселені қандай орган қарауы тиіс екенін нақтылап алғанды орынды деп санаймыз. Бұл жолданымдардың мемлекеттік органдар арасында жүріп қалмауына, бюрократтыққа салынбай, керісінше тез әрі сапалы қаралуына өз септігін тигізеді.
Жолданымдарға немесе департаменттің қызметіне қатысты басқа да сұрақтар болған жағдайда департаменттің «Facebook» және «Instagram»әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшалары арқылы, сонымен бірге департаменттің 8 (7242) 70-00-40 сенім телефоны арқылы білуге болады.
Т.Нуртаев,
ҚР Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің
Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы
Фото: Нұрболат Нұржаубай