Kyzylorda-news.kz Елімізде шағын және орта кәсіпті дамыту, бизнеске кедергілерді болдырмау мемлекеттің басты бағыттарының бірі болып отыр. Сондықтан кәсіп жасаймын деген адамға кедергі жоқ. Әсіресе қазіргі таңда шағын және орта бизнес өкілдеріне мемлекет тарапынан беріліп жатқан көп мүмкіндіктің арқасында кәсібіңізді кез келген жерде дөңгелете аласыз. Бұл орайда бағыт – бағдары айқын мемлекеттік бағдарламалар халық игілігі үшін жұмыс жасауда. Осындай берері мол бағдарламаның бірі – «Ауыл аманаты» жобасы.
Аталған жоба аясында «Таң» ауылында қап шығаратын зауыт іске қосылды. Жергілікті кәсіпкер Дәурен Құдабай бауыры Рүстем екеуі бірлесіп шығаруда.
Өзім негізі мұғаліммін. Кәсіпке келмес бұрын Қызылорда қаласында мектепте ұстаздық еттім. Мамандығым тарихшы. Әкемнің зейнетке шығуына байланысты ауылға келіп, әкем негізін қалаған «Нұр» шаруа қожалығының шаруасын дөңгелетіп келемін. Қожалықта күріш егумен айналысамыз. Күріш ақтау шағын цехымызда бар. Қап шығару кәсібіне өзіміздің қажеттіліктерімізді өтеу үшін келдім. Оның үстіне қаптың барлығы Қытайдан келеді, әрі бағасы мен сапасы сын көтермейді. Сондықтан өзіміз шығарып халыққа да сапалы дүние ұсынайық деп шештік, − дейді кәсіпкер.
Бүгінде қап шығаратын зауыттың өніміне сұраныс жоғары. Отандық өнімнің әлеуетін арттырғысы келетін кәсіп иелерінің басты мақсаты – сырттан келетін тауарларды ығыстырып, өнімнің қолданыс аясын кеңейту.
Зауытты ашу үшін «Құдабай» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құрып, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша өндіріс саласымен жеңілдетілген 2,5 пайызбен 14 млн теңге несие алдық. Технологияны Қытайдан әкелсек, шикізатты Өзбекстаннан алып отырмыз. Қап шығарудағы мақсатымыз пайда табу емес. Керісінше халыққа сапалы өнім ұсыну, − дейді ол.
Кәсіпкердің айтуынша зауыт негізгі ауыл шаруашылығы өндірушілердің сұранысына сәйкес әр түрлі көлемде қаптар дайындауда. Өндіріс ошағы күніне 10 мың қап тоқиды. Сондай-ақ қыркүйек айынан бастап, яғни егіннің кезінде қапқа деген сұраныс артатын көрінеді. Қазіргі таңда зауыт 4 адамды тұрақты жұмыспен қамтуда. Әңгімелесу барысында кәсіпкер мемлекеттік бағдарламалардың қолдауының көп пайдасы барын да тілге тиек етті.
Кәсіпкерлікте оның ішінде шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған бағдарламалар өте тиімді. Мемлекетіміз төмен пайыздық несие, қайтарымсыз гранттар дейсіз бе барлығын ұсынып отыр. Ал оның игілігін көру – әркімнің өз ынта-ықыласына байланысты. Кәсібің – нәсібің, сондықтан ерінбей еңбек ету керек. Мүмкіндікті барынша пайдалан дұрыс, − дейді.
Кәсіпкердің алға қойған жоспары да ауқымды. Жуырда өңірге тағы бір өндіріс орны – аяқ-киім тігу цехын ашуды жоспарлап отыр.
Цехтың барлық технологиясы дайын. Іске қосылғанда қазақы нақыштағы етіктерді тігетін боламыз. Қазір баламды оқытып, технологияны меңгеру жолдарын үйреніп жатыр. Мұның барлығы өзімнің қаржыммен жүзеге аспақ, − дейді Дәурен.
Ағайындылардың бір емес бірнеше кәсіпті дөңгелентіп отырғандығы елді сүйсінтеді. Осы ретте еңбекқор кәсіпкердің жаңа бастамасына тек табыс тілейміз.

