Kyzylorda-news.kz  «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында ашық есік күні өткізілген болатын. Жобаның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігіне және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу болып табылады.

Ашық есік күні аясында Сырдария аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қанат Нұрсейіт тұрғындардың өзекті сауалдарына жауап беріп, мемлекеттік бағдарлама жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Айта кетейік, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен.  Несие/микронесие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін екенін айта кетейік.  Сонымен қатар шағын несиенің ең жоғарғы сомасы – 8.6 млн теңге, ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін 27.6 млн теңгеге дейін болады.  Ал сыйақы мөлшері жылына 2.5 пайыздан аспайды.

– Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жеңілдетілген несие алып, аудан тұрғындары кәсіп ашуға ниетті. Бизнестің қыр-сырына қаныққан жандар өз кәсібін дөңгелетуге мүдделі. Жетекші партия алаңында жүзеге асқан акция барысында өзекті мәселелер қаралды, – деді бөлім басшысы.

Тағы да оқыңыз: