Kyzylorda-news.kz. Жастарға үй керек. Жалдамалы тұрғын үйлердің табалдырығын тоздырып жүрген замандастарымызды көріп көңіл алабұртып қалады. Себебі құны ышқынып тұрған қымбат бағдарламалармен үй алу жастарға айтарлықтай салмақ салады. Ажырасып жатқан отбасылардың басты мәселесі – үй-жайының болмауы. Сондықтан жастар үй болып кету үшін үйлі болу керек. Билік осыны ескерсе керек, Сыр елі жастарына тиімді ұсыныстармен үй беру жолы қарастырылды.

Сүйінші жаңалықты облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы болып тұрған кезінде М.Қазбекова облыстық мәслихат отырысында хабарлаған еді. Енді осы жолы нақтыланған жобаны тәптіштеп түсіндіріп бергенді жөн санадық.

«Сыр жастары» Қызылорда облысының жастарына жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламасы туралы ел ішінде әңгіме әлі өріп жүр. Иә, жастардың баспанамен қамтылуына қолайлы жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың бір бағыты. Қызылорда облысы бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана алуға кезекте тұрған жастардың саны – 7244 (29 жасқа дейін). Ал «Отбасы банкінде» депозиті бар, бірақ, қолданыстағы бағдарламалар арқылы үй ала алмай жүрген жастардың саны – 22881 (35 жасқа дейін) екен.
Былтыр қараша айында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің Қызылорда қаласының тұрғындарымен кездесуі барысында жастар тарапынан жас отбасыларға арналған республикалық бірегей тұрғын үй бағдарламасын қабылдау туралы ұсыныс берілген болатын. Аталған ұсынысқа әкімдіктер жергілікті ерекшеліктерге сәйкес өңірлік тұрғын үй бағдарламаларын әзірлеу қажет екені министр тарапынан атап өтілген.

Осыған сәйкес, аймақ басшысы Н.Нәлібаев облыстық жастар форумында жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында бір ай мерзімде «Сыр жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын.

Облыстық қоғамдық даму басқармасы Жастарға арналған өңірлік тұрғын үй бағдарламасын әзірлеу жөніндегі жұмысшы топ отырысын өткізіп, отырыстың хаттамалық тапсырмасына сәйкес «Отбасы банк» акционерлік қоғамының Қызылорда облыстық филиалымен бірлесіп «Сыр жастары» өңірлік жастар тұрғын үй бағдарламасының жобасын жасады. Бағдарлама жобасы мүдделі салалық құрылымдармен келісілді. Бағдарлама аясында жастарға арналған 2-3 бөлмелік, әрқайсысы орташа 60 шаршы метр (шаршы метрі шамамен 205-215 мың теңгеден) болатын 100 пәтерлік тұрғын үй салынып, жас отбасыларға 5%-дық ипотекалық несиемен құны 13-14 млн теңгеден аспайтын пәтерлердің 19 жылға берілуі жоспарлануда. Бағдарлама қаржысының 1,2 млрд теңгесі жергілікті бюджет есебінен бюджеттік несие, 500 млн теңгесі «Отбасы банк» акционерлік қоғамынан бөлінеді.
Бағдарламаға 18 бен 35 (қоса алғанда) жас аралығындағы жастар және жас отбасылар қатыса алады, – деген еді Мира Қазбекова.

Тарқатып айта кетейік, қатысушының Қазақстан Республикасының азаматы, соңғы 2 жылда Қызылорда облысында тұрақты тіркеуде болуы және үміткер мен оның отбасы мүшелерінде меншік құқығындағы үйдің, сондай-ақ кейінгі 5 жылда Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үй жағдайларын қасақана нашарлату фактілерінің болмауы шарт. Қатысушының санаттар бойынша ресми еңбек өтілі 6 айдан кем болмауы керек.

Кезектілікке сәйкес санаттар бойынша тізімге енгізу жинаған балдар санымен (ең көп балл саны бойынша) айқындалады.
Аталған бағдарламаны жүзеге асыру барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен адами фактор әсерін болдырмау мақсатында «Электронды құжаттардың бірыңғай қоймасы», «Мобильді үкімет», «Мобильді азаматтар базасы» сынды ақпараттық жүйелермен біріктірілген «Kezekte.kz» ақпараттық жүйесінің «Jastar» ақпараттық сервисі арқылы құжаттарды қабылдап, жолдама беру жолы қаралған. Бағдарламаға құжат ұсыну «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы алынған электронды цифрлық қолтаңбаны пайдалану арқылы порталда жүзеге асырылады. Аталған порталдың мемлекеттік дерекқорлармен интеграциясы арқылы ұсынылған құжаттар, деректер автоматты түрде тексеріліп, балл есептеледі, жинаған балл санына сәйкес қатысушының жеке кабинетіне электронды жолдама немесе бас тарту туралы хабарлама жіберіледі.

Несиені бөлу төмендегі санаттар бойынша (салалар бойынша) жүргізіледі:
1. Денсаулық сақтау саласының қызметкерлері: облыстық, қалалық және республикалық денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс істейтін жоғары және орта буын медицина қызметкерлері.
2. Білім беру саласының қызметкерлері: тиісті жоғары және орта білімі бар облыстық, қалалық және республикалық білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін педагог қызметкерлер.
3. Бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері: мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік коммуналдық мекемелердің қызметкерлері.
4. Мәдениет саласының қызметкерлері: мәдениет саласындағы шығармашылық одақтың мүшелері, мәдениет саласындағы мекемелердің қызметкерлері. Сондай-ақ, өзін-өзі жұмыспен қамтыған жас композиторларды, музыканттарды, артист-актерлерді, кинематографистерді (актерлер, режиссерлер, сценаристер, операторлар, продюсерлер, суретші-декораторлар), жазушыларды, суретшілерді, қолөнершілерді, мүсіншілерді, дизайнерлерді, сәулетшілерді облыстық мәдениет және спорт басқармасының жанынан құрылған комиссия арқылы іріктеу жүргізіп, қамту жоспарлануда.
5. Спорт саласының қызметкерлері: облыстың спорт саласындағы ұйымдарда еңбек етіп жүрген спортшылар мен жаттықтырушы-оқытушылар.
6. Жоғары оқу орындары мен ҒЗИ қызметкерлері: жоғары оқу орындарының, қалалық және республикалық ғылыми-зерттеу институттарының оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері.
7. Журналистер: тікелей өндірістік қызметпен айналысатын журналистер мен БАҚ қызметкерлері.
8. Әлеуметтік сала қызметкерлері: халықты әлеуметтік қорғау саласындағы ұйымдарда жұмыс істейтін қызметкерлер.
9. «Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 6 сәуірдегі №376 қаулысымен бекітілген Ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың қызметкерлері, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың Қызылорда филиалының қызметкерлері;
10. Екінші деңгейдегі банк филиалдарының қызметкерлері.
11. Жұмыс өтілі көрсетілген жұмыс орнынан анықтама болған жағдайда құрылыс, қоғамдық тамақтану және қызмет көрсету саласының қызметкерлері.
Өтініш берушілерде балл тең болған кезде бірінші болып өтініш берген қатысушы басымдыққа ие болады.

Өтініш берушілердің тізімі балдық жүйені ескере отырып (ең көп балл саны бойынша) санаттар (салалар) бойынша қалыптастырылады:
№ Өлшемі Балл
1 Тіркелген некенің әр жылы үшін 1
2 1 (бір) баласы бар 1
3 Әр келесі бала үшін 2
4 Қызылорда облысының мекемелерінде әр жылдағы жұмыс өтіліне байланысты 1,5
5 Қызылорда облысында тұрғылықты жері бойынша әр жыл үшін 1
6 «Отбасы банкі» АҚ бастапқы 5% жарнасы бойынша 2
Жолдама алған өтініш берушілер төлем қабілеттілігін бағалаудан өту үшін 15 (он бес) жұмыс күні ішінде «Отбасы банк» АҚ кез келген сервистік орталығына құжат өткізуі қажет.

Төлем қабілеттілігін растау үшін құжаттар мен талаптар «Отбасы банк» АҚ-ның ішкі ережелеріне сәйкес жүргізіледі. Бүгінгі күні облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы мен «Отбасы банк» АҚ-ның дерегіне сәйкес жастарға арналған тұрғын үй Сырдария өзенінің сол жағалауынан бой көтереді деп жоспарланып отыр.

Бұл жоба нәтижесінде кемінде 100 жас отбасы үйлі болады. Облыс бойынша кезекте тұрған жастардың санын азайтып, олардың әлеуметтік және тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған бағдарламаны депутаттар қолдады.

Жасырып-жабатыны жоқ, енді арзан үй болмаса да, арзан ипотека, арзан аренда, түрлі жеңілдіктер деген тетіктерді аңдимыз. Өйткені, қазіргі күні сарапшылар үй бағасы әзірге қымбаттамайды деп көңіл жұбатқандай болады. Бірақ ол арзандайды деген сөз емес. Елімізде үйдің бағасын арзандатуға құрылыс материалдарының өндірісі де еш ықпалын тигізбей отырғаны ойлантады. Себебі, қазіргі күні құрылыс материалдарының 80 пайызға жуығы өз елімізде өндіріледі екен.

Сөз орайы келгенде айта кетейік, жалға берілетін пәтерлердің де өзіндік құнын есептеп жатқан ешкім жоқ. Бұл ретте қожайын қойған баға жүріп тұр. Ал қазіргі күні жалға төлейтін ақының қымбаттығы отбасылық бюджетті ғана емес, шағын бизнестің де қалтасын қағуда. Себебі, қалада кез келген қызметтің бағасы алдымен арендаға арыз айтады.

Иә, «үйі жоқтың күйі жоқ» деген сөзге де ет үйреніп кеткендей. Тізе берсек, баспананың әлеуметтік маңызынан да өзге түйткілді тұстары жетіп-артылады. Үй жоқ болса, тұрмыс та төмен. Ал тұрмысы төмен таптың қымбат үйге қол жеткізуі қиын. Әйтпесе, елдегі құрылыс саласының қарқыны соншалық төмен емес, түрлі техникалық талаптарға, экологиялық, халықаралық стандарттарға сай келетін соншама қымбат ғимараттардың да бос тұрғаны жоқ. Үйі барлар да бар. Бірақ, қалай дегенде де, бар қазақтың өз үйінде қазан қайнатып отырғанына не жетсін?! «Сыр жастары» осы тұста сыр бермей, шын мұқтаж жандарды қуанта алса, нұр үстіне нұр болмақ.
 

Тағы да оқыңыз: