Kyzylorda-news.kz. Бүгін мемлекет және қоғам қайраткері Қонысбек Қазантаевтың 100 жылдығына арналған "Абырой биігінде өткен қайраткер тұлға" тақырыбында конференция өтті. Танымдық іс-шараға Сырдария ауданының әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев, құрметті меймандар, зиялы қауым өкілдері, ұрпақтары мен аудан тұрғындары қатысты.
Конференцияда аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев қайраткер тұлғаның өмірі мен қызметі өскелең ұрпаққа үлгі екеніне тоқталды.
«Мемлекет және қоғам қайраткері облысымыздың даму жолында барлық ақыл-парасатын, қайрат-жігерін, тәжірибесін жұмсады. Халық жадында өшпейтін із қалдырған, облыстың 4 ауданында қызмет атқарған Қонысбек Төрешұлының еңбегі мен атқарған жұмысын аудан жұртшылығы аңыз етіп айтып отырады. «Іскер басшы, шебер ұйымдастырушы, адалдықты ту еткен тұлға» деп бағалайды. Сыр елі қоғам қайраткеріне ерекше құрмет көрсетті. Бүгінде Қызылорда қаласындағы бір көше Қонысбек Қазантаевтың есімімен аталады. Сонымен қатар Тереңөзек кентіндегі «Парасат» алаңына ескерткіш-бюсті қойылып, бір көшеге есімі берілген, – деді Талғат Мейрамханұлы.
Мұнан соң мемлекет және қоғам қайраткері Алмагүл Божанова, қоғам қайраткері, "Құрмет" орденінің иегері Ибрагим Абибуллаев, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Жақай Бодықбаев сөз сөйлеп, қайраткер тұлғаның ел басқару ісіндегі жауапкершілігін, кадр таңдаудағы талапшылдығын айтып, естеліктерімен бөлісті.
Конференцияда асыл азаматтың ұрпағы Ғанибек Қазантаев биылғы мерейтой аясында облыс көлемінде танымдық іс-шаралардың ұйымдастырылуына қолдау білдірген облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевқа шынайы алғысын жеткізді. Ардақты әкесінің Сырдария ауданының дамуына еңбек еткенін атап өтті.
