Kyzylorda-news.kz. Өз-өзіне қызмет көрсететін автокөлік жуу орталығын ашып, тұрғындарға тиімді жағдай жасап отырған жас кәсіпкердің бірі – Дастан Палмахов.
Гарвард университетінің профессоры Иозиф Шумпетердің «Кәсіпкер болу – басқаның істегенін істемеу» деген анықтамасы бар. Осы ретте, Дастан да ауданымызда алғашқы болып ерекше көлік жуу орталығын ашқан. Иса Тоқтыбаев атындағы көше бойында орналасқан орталықтың ерекшелігі – тұтынушы өз көлігін өзі жуып алады. Ал тиімділігі – уақыт пен қалтаға салмақ салмайтындығы болып отыр. Ақиқатында, көлігіңізді жеңіл-желпі шаң басса, толық жууға беріп, қалтаңызды қақпасаңыз болады екен. Аталған орталыққа келіп, арнайы құрылғыға қалауыңызша ақша салып, көлігіңізді тазалап алуға мүмкіндік зор. Бір секундты бір теңгемен өлшейтін аппарат автокөлігіңізді қаласаңыз жай сумен, тетігін бассаңыз арнайы көбікпен де тазартып беретіндігі тағы бар.
Қазір техника дамыған. Бұндай өз-өзіне қызмет көрсететін автокөлік жуу орталықтары үлкен қалаларда бар. Бірақ біздің ауданымызда бірінші рет ашылып, оны біз қолға алып отырмыз. Бұл өз кезегінде үлкен жауапкершілік. Ерекшелігі – орталық жылдың төрт мезгілінде де, сондай-ақ тәуліктің кез келген уақытында қызмет көрсете алады. Яғни құрылғы үздіксіз жұмыс жасайды, – дейді жас кәсіпкер Дастан Палмахов.
Қарындасы Гүлнұр екеуі бірлесе кәсіп ашуға бел буған Дастан пандемия кезінде біраз нәрсені түсінгенін айтады. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант жеңіп алып, кәсіпті бастап кеткен. «Көз – қорқақ, қол – батыр» деген. Алғашқыда қорқыныш болып, істі бастауға жүрексінген жас кәсіпкер көп ізденіп, жаңаша идеямен, тың қарқынмен жұмысқа кіріскен. «Ой жеткен жерге қол жетеді екен» дейді Дастан. Тек талмай-тынбай еңбек ету керек. Қазіргі кезде аталған ор-талықты кеңейтіп жатқан кәсіпкермен біз де құрылыс барысында, қызу жұмыс арасында сөйлескен едік.
Орталық өз жұмысын 2021 жылдың қараша айынан бастаған. Осы күні өз алдына тұрақты тұтынушыларын қалыптастырып үлгерген. Ауа-райына байланысты жұмысы біршама тұрақтап қалған көлік жуу орталығы күніне орташа есеппен 30-40 көлікке өз қызметін ұсынып келеді.
Сырдария ауданында өз-өзіне қызмет көрсететін орталық ашылғанына қуанып қалдық. Аталған көлік жуу орталығына жиі бас сұғамыз. Уақытқа да, ақшаға да тиімді болып табылады. Арагідік арнайы орталыққа жуғызған бөлек, күнделікті көлікті жуып-шаю үшін үй ауласын ластауға тура келетін. Оның да жаңашылдық қой, тиімді тұсы көп. Негізінен, ауданымызда кәсіпкерлік қарқын алып, халыққа қолайлы жағдай жасалып келе жатқанына көңіл марқаяды, – дейді көлік жуу орталығының тұрақты тұтынушысы А.Асқаров.
Қазір мемлекет кәсіпкерлерге ерекше қолдау көрсетуде. Бастапқыда қорқа-соқтап, «кәсіп ашу үшін таныс керек қой» деп ойлайтынмын. Содан не де болса істі бастау керек болды. Тәуекелге бел буып, жан-жақты іздене бастадық. Түрлі бағдарламаларды, ерекше әрі қолдан келетін істі іздедік. Көлік жуу орталығын ашу деген бұрыннан ойда бар дүние еді. Қазір, Аллаға шүкір, кәсіп дөңгелеп келеді. Бірақ оңайлықпен келмегені анық. Тек өзің ізденіп, еңбектенсең жетіп жатыр, – деген Дастан осы салада «Қазақстанның Еңбек ері» Абзал Ералиевтің жан-жақты бағыт-бағдар беріп, жол көрсеткенін айтады.
Жас кәсіпкер алдағы жоспарларымен де бөлісті. Қазір құрылысы аяқталуға жақын қалған екі посттық орталық алдағы уақытта «бір терезе» сияқты халыққа қызмет көрсететін болады. Яғни көлік жуу, техникалық байқау, көлік жөндеу және сақтандыру қызметтері бір жерден ұсынылады. Сондай-ақ үлкен қалалардағы сияқты қонақтар демалатын орын қосу ойда бар.
Орталықты кеңейткен соң бірнеше адамды жұмыспен қамтимыз деп отырмыз. Қазіргі уақытта көлік иелері арнайы аппаратпен өз көлігін өзі жуа алатын болса, алда тұтынушыға таңдау еркіндігі берілетін болады. Көлікті толықтай мамандарға тапсырып, демалып отырамын десе де, өзі жуып аламын десе де мүмкіндік болатын жағдай жасалады. Мақсатымыз – шағын ауданымызға жаңашылдық әкелу, халыққа қолайлы жағдай жасау. Осы жолда жұмыс жасап келеміз. Біз көлік жуу орталығын ашу арқылы көптеген көлік жүргізушілердің алғысына бөленіп келеміз. Тың кәсіпті игеру жолында көп қаржы қажет етілмейді. Күн өткен сайын көлік ауданымызда көбейіп, біз секілді кәсіпкерлер арасында бәсекелестік артып келеді. Әрине көпшілік талғамына сай қызмет жасау негізгі құзыретімізге кіреді, – дейді кәсіп иесі.
Дастан секілді жас кәсіпкерлер мемлекеттен қолдау тауып жатса, құптарлық жағдай. Кәсіпкерлік нысандар көбейіп, бәсекелестік артқанда нарықтағы баға өздігінен реттеледі. Біз Дастан сияқты жас кәсіпкерлердің жұмысының дөңгелеуіне, кәсібінің өркендеуіне тілектестік білдіреміз.
