maslihat_sailauy

Kyzylorda-news.kz.  Тереңөзектік Анна Быстрякованың отбасы 30 жылдан бері бал арасын бағумен әуесқойлық тұрғыда айналысуда. Бірнеше жылдар ішінде ағасы Петр Гаврилович омарташылықтың қыр-сырын тереңнен үйренген. Ол ауданда өрт сөндіру бөлімінде қызмет атқарып, соңғы екі жылдан бері зейнеткерлікке шығып, бал арасын асырауды кәсіпке айналдырған екен. Денсаулыққа пайдалы, әрі табыс көзі саналатын отбасылық бизнесті дамыту үшін ара отбасыларын көбейту керек болған. Сондықтан Анна мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдауға байланысты берілетін жеңілдетілген пайызбен несие алған көрінеді.

Мүмкіндігі шектеулі жан Анна Быстрякова алдымен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының «Ісін жаңа бастаған кәсіпкер» курсы бойынша қашықтан оқып, сертификат алған. Сонан соң мамандардың көмегімен бизнес-жоспар дайындап, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қоры арқылы 4 млн 950 мың теңге қаржыны иемдені. 5 жыл мерзімге 6 пайызбен алған несиенің арқасында Быстряковтар отбасы қазір бал ара отбасын 55-ке жеткізе білді. Жаз бойы олардың күтімін жасап, балдың бірнеше түрін өндірді.

– Ата-анам қарапайым кісілер еді. Әкем Гаврил Иванович пен анам Зоя Николаевна 12 баланы өсіп-жетілдіргені баршаға мәлім. Бауырларымның жартысын ата-анам асырап алған. Отбасымызда неміс, өзбек, қазақ ұлтының өкілдері бар екені мақтанышпен айта аламыз. Бәрімізді бала кезімізден еңбексүйгіштікке тәрбиелеп, қара жұмыстан қашпауға үйреткен ата-анамызға дән ризамыз. Қазір бауырларымызбен тату-тәтті үлкен шаңырақтың астында өмір сүріп келеміз. Ал омарташылықты ағама үйреткен Тереңөзектің байырғы тұрғыны Владимир Кархалевтің еңбегі еренсен. Ол өмір бойы осы кәсіппен айналысуда. Жасы егде тартса да, бал арасын асырап, оны әжептәуір бизнес түріне айналдыра білген, – дейді бізбен әңгімесінде жеке кәсіпкер Анна Быстрякова.

Ұлты орыс болса да қазақ тіліне судай Анна Гавриловнаның жасы 55-те. Анна бұрын ауданда мейрамханада аспазшы болып жұмыс жасаған. Аннаның шебер аспаз, әрі жауапкершілігі зор, тапсырылған жұмысты ыждағатпен атқаратын маман екенін көзіміз көрген еді. Осыдан 30 жылдай бұрын мектеп қабырғасында оныншы сыныпты бітірген кезімізде мектеп біздерді ауылшаруашылық еңбегіне баулу мақсатында Ресейдің Астрахань облысына апарғаны есімізде. Оқушыларға ас дайындауға жанымызға еріп барған аспазшы Анна Гавриловна болатын. Балалардың күн сайын сапалы, әрі құнарлы тамақтануына таңсәріден тұрып ас әзірлеген аспазшының еңбексүйгіштігіне дән риза едік. Қызанақтың отағынан түске таман келетін 100 шақты баланың алдынан дәмді ас әзірлеп, бес мезгіл ас-суын беруде еш жалықпаған аспаздың еңбегі адалдығын көрдік. Ерте тұрып, кеш жататын аспаз:

– Иә, есімде екі жыл қатарынан ауданнан Астарханьға барған оқушылармен еріп, астарын дайындау үшін барғаным рас. Ол кезде әрине, жас едік, мемлекет қайда жіберсе, сонда ұшатынбыз. Қазір де денсаулығымның сыр бергеніне қарамастан еңбек етуден қашпайтыным тағы бар. Қазіргі уақытта қол қусырып отыруға болмайды. Күш-қуатым барда мемлекет берген жеңілдікті пайдаланып, кәсіпкер атандым, жеңілдетілген пайызбен несие алдым. Кәсібін бастаймын дейтіндерге мамандардан көмек те, қамқорлық та баршылық. Тек ізденіп, жалықпай, еңбек етсең жетіп жатыр. Табысқа да жетесің, еңбегіңнің қайтарымы да болады, – дейді омарташы Анна Гавриловна.

Бүгінде Анна жаз бойғы еңбектің жемісін көріп отыр. Дегенмен омарташының жұмысы мұнымен тоқтады деуге келмейді Жұмыс жетеді. Бал ара отбасылары қыста ұйқыға кетсе де, олардың күтіміне аса мұқият болу керек. Негізінен карпаттық түрлерін өсіретін омарташы балара балын, балауыз, ара желімі, тозаңы және басқа да балара өнімдерін алып үлгірді. Омарташы жинап алған балара өнімі таза табиғи, әрі азық-түлік ретінде, медицина саласында да үлкен сұранысқа ие болғандықтан оған деген сұраныс тоқтап қалмайтынына сенімді.

Бал арасын баптау жыл бойы жүргізілетінін айтқан кәсіпкер «омарташылар қыста демалады деген бекер сөз» дейді. Себебі, көктемде шығатын араларға жаңа жәшіктер дайындау, қыстан аман алып қалу үшін жылы жерге орналастыру, қымтауға көрпелер әзірлеу т.б барлығы қолмен атқарылатындықтан бір сәтке дамылдау мүмкін емес. Бал арасының арасында әлсіздер қыстан шықпай қалады. Сондықтан үнемі олардың жағдайын бақылап тұру керектігін айтады.

– Салмағы 100 миллиграмм, түсі сұр реңді, бейбітсүйгіш, әрі тыныш жәндіктердің асырап бағу оңай емес. Жәшіктерді арқалап қай жер гүлдесе сонда апарып жайып алуға шаршамау керек. Әрине, күш-жігерің мықты болса, еткен еңбегіңнің жемісін көресің. Бастысы пайдалы өнім, әрі табыс көзі. Сондықтан кепілге мүлкімді қойып, кәсіппен айналысуға бел буғаныма өкінбеймін, – дейді мүмкіндігі шектеулі жан Анна Быстрякова.
 

Тағы да оқыңыз: