ФОТО

Kyzylorda-news.kz.  Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсетіліп келеді. Олардың өз кәсібін кеңейту үшін пайызсыз несие мен қайтарымсыз грант бөлінуде. Біздің ауданда  жыл сайын кәсіпкерлер қатары артып, жаңа кәсіпкерлік нысандар бой көтеруде. Әсіресе ауыл тұрғындарының бизнеске ден қоюы көңіл қуантады.  Жас кәсіпкер, Қамыстыбас ауылынан өз кәсібін ашып табыс тауып отырған жандардың бірі – Дархан Аманқосұлы.

Табысқа жетудің үлкен құпиясы – еңбек. Бұны Дархан да жақсы ұққан. Ол жоғары оқу орнын «Мұнай-газ мамандығы» бойынша бітірген. Бірақ қазіргі күні мұнай саласының маманы емес, ауылдағы жастарға үлгі боларлық кәсіпкерге айналып отыр. Ол ауылда «Нұрым» кілем жуу орталығын ашқан.

 Отбасындағы бауырларым, ата-анам  – бәрі мемлекеттік қызметкерлер. Тек мен ғана кәсіпкерлікке ден қойдым. Бұл кәсіпті бастамай тұрып та әртүрлі сауда-саттықпен айналысып жүрдім. Кейіннен мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге жақсы мүмкіндік беріліп жатқандығын естіп, осы кілем жуу орталығын ашуды ұйғардым. Кәсіпкерлер даярлау курстарынан өтіп, өзімнің кәсіпкерлік алдым, – дейді Дархан.

Бастапқыда өзінің 300 мыңға жуық қаражатын салып, кілем жуу орталығының іргетасын қалаған Дархан мемлекет тарапынан берілетін 505 мың қайтарымсыз грантты жеңіп алды. Бұл қаражатқа кілем жууға қажетті құралдарды алғандығын айтқан жас кәсіпкер өзіне үлкен қолдау болғандығын жеткізді.

 Гранттық қаражатқа жууға қажетті роутр, кептіру үшін фен құралдарын сатып алдым. Қазір ойға алған кәсібімді дамытып отырмын. Ауыл тұрғындарынан бөлек, көрші ауылдан да кілемін әкеліп жуғызып алатындар бар. Әрине жаз мезгіліндегідей емес, қыс кезінде кілем жуу кез келгенге оңай емес. Сондықтан менің қызметіме жүгінетіндер көбейіп келеді. Бағасы да қарапайым халық қалтасына қонымды, – деді ол. 

Дархан алдағы уақытта өзінің кәсібін кеңейтуді ойлап жүр. Ол үшін кілем жууға қажетті түрлі аппараттар болуы қажет. Ендігі жерде бизнесті қолдауға арналған өзге де жобаларда бақ сынап көрмек. Талабы таудай жас кәсіпкердің алда биік белестерді бағындырарына сеніміз мол.

Тағы да оқыңыз: