Kyzylorda-news.kz. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы керек. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуы тиіс. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады» деген болатын. Қазіргі күні мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулардың арқасында өз кәсібін ашып, сүйікті ісін табыс көзіне айналдырып отырған жандар баршылық. Солардың бірі – Арал ауданына қарасты Аққұм ауылының тұрғындары апалы-сіңілді Шырайлым мен Нұрайлым Зейтеновалар.

Олар бала кезден тігін машинасының маңайында өсті. Аналары Марал тігіншілікпен айналысты. Ана тәрбиесін бойына сіңірген 3 қыз да өскен соң ұяда көрген үлгісін шыңдайды. Әулеттің үлкені Мерекейлім Арал қаласында тұрады. Өзінің тігін шеберханасы бар. Ізінен ерген сіңілдеріне қол көмегін көрсетіп, ақыл қосып, кәсібінің қыр-сырын бөлісіп, ара-тұра көмектесіп тұрады. Ал Аққұм ауылынан ашылған «Алтын жіп» тігін шеберханасының жұмысын  Шырайлым мен  Нұрайлым дөңгелетіп отыр.

– Әпкем екеуміз де мемлекеттің қолдауын сезініп, өз кәсібімізге бастама болар қаражатты жеңіп алдық. Мен өткен жылы жастарды қолдауға арналған бағдарлама бойынша грант ұтып алған болатынмын. Ал әпкем Шырайлым биыл 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік грантты жеңіп алды, – деп бастады әңгімесін Нұрайлым. 

Ауылдық әкімшілік тарапынан бос тұрған ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жас шеберлерге қолдау көрсетіліп, ғимарат уақытша пайдалануға берілген. Ал мемлекеттен берілген гранттық қаражатқа тігін машиналар мен қажетті құрал-жабдықтарын алған. 

– Қазіргі күні қыз жасауын, бесік жасауы, перде сынды бұйымдарды дайындауға тапсырыс қабылдаудамыз. Ауыл халқы бұрын мұндай қажеттіліктер үшін аудан орталығына сабылатын. Қазір ауыл ішінде тиімді бағада ұсынып отырмыз. Ашылғанымызға көп болмаса да тапсырыс жетерлік. Барлығын уақытылы, ыждақаттылықпен тігіп беруге тырысамыз, – дейді кәсіпкер. 

Әрине, анадан дарыған қасиет пен көрген өнегені шыңдау үшін ағайынды арулар арнайы тігін шеберлерінің оқу курстарынан өтіп, тәжірибелерін молайтып, құрақ құраудың қыр-сырын меңгерген. Қазіргі күні көне дәстүрлі бұйымдарға заманауи үлгіде әр беріп жүр. Көрпеден бөлек авторлық құрақталып тігілген сөмекелер де шығарады. 

– Өзім меңгерген өнерімді кәсібіме айналдырып, табысқа кенелудің өзі бір бақыт. Өз білгенімді өзгелерге үйретуден еш тартынбаймын. Ауылдағы қыз-келіншектер тарапынан шеберлік курстарын өткізсеңіз деген ұсыныстар келіп түсуде. Бұл мені қуантады. Бірақ қазір тапсырыстың көптігіне байланысты, оның үстіне шеберхананың шағын болуынан қиындықтар туындауда. Алдағы уақытта шеберхананы үлкейтіп, тігіншілікті меңгергісі келетін әйелдерге үйреткім келеді. Мектептегі мұғалімдермен келісіп, қызығушылығы бар оқушыларға да шеберлік дәрістерін өткізуді ойға алып жүрмін, – деген Нұрайлым алдағы жоспарларымен бөлісті. 

Олардың алға қойған мақсаты көп-ақ. Ең бастысы осы кәсіптерін одан әрі дамытып, үлкен ғимаратта тігіншілікке қажетті барлық құрал-жабдықтармен толықтай қамтылып, жұмыс жасауға мүмкіндік туса дейді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл»деген халқымызда аталы сөз бар ғой. Ағайынды жас шеберлер кәсіптің көзін табумен қатар отбасылық бақытқа да кенеліп отырған сүйікті жар, үлгілі келін, аяулы ана. Олардың еңбекқорлығы мен ізденімпаздығы көпке үлгі боларлық.

9b717fcc-8c7f-4665-8a17-2e89342ae0d4.jpg

Тағы да оқыңыз: