Kyzylorda-news.kz Бүгін Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, онда Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған басым бағыттар мен алға қойылған міндеттерді іске асыру мәселелері талқыланды.
– Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған міндеттерді сапалы әрі уақытылы орындау – баршамызға жүктелген ортақ жауапкершілік. Осыған орай, әрбір сала бойынша жұмысты жүйелі ұйымдастырып, белгіленген тапсырмалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстау қажет. Негізгі мақсатымыз – елдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын арттырып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту және халықты толғандырған мәселелерді тиімді шешу. Сондықтан барлық бағыттағы жұмыстар нақты жоспарға сәйкес жүргізіліп, қабылданған шешімдер өз нәтижесін беруі тиіс, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Жолдауда экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды. Макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау, экономиканы әртараптандыру, инвестициялық ахуалды жақсарту, кәсіпкерлікті дамыту және жаңа өндіріс орындарын ашу арқылы елдің экономикалық әлеуетін нығайту міндеттері айқындалды. Сондай-ақ кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселесі де маңызды бағыттардың бірі ретінде қарастырылды. Цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне басымдық берілді. Экономиканың түрлі салаларына жаңа технологияларды енгізу, цифрлық шешімдерді кеңінен пайдалану және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мәселелерін атап өтті. Білім беру мен денсаулық сақтау салаларында қызмет сапасын арттыру, адами капиталды дамыту және халыққа көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері қамтылды. Әлеуметтік салада халықты жұмыспен қамту, азаматтарды қолдау және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағыттарына назар аударылды.
Аудан басшысы Жолдауда белгіленген басым бағыттарды негізге ала отырып, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін жақсарту, инфрақұрылымдық жобаларды сапалы жүзеге асыру және тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.
