Kyzylorda-news.kz Шиелі ауданы әкімдігінде аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Мәжіліске кент және ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары мен тиісті сала мамандары қатысты.
Мәжілістің күн тәртібінде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі міндеттер мен алдағы жұмыстардың басым бағыттары қаралды.
28 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.

Жолдауда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі жетілдіру, халықтың әл-ауқатын арттыру және өңірлердің тұрақты дамуын қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық берілді. Атап айтқанда, әлеуметтік-экономикалық маңызы бар нысандарды салу және жаңғырту, инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жетілдіру, логистикалық мүмкіндіктерді кеңейту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағыттарын дамыту міндеттері айқындалды.
Мәжілісте Жолдауда белгіленген басымдықтарды аудан көлемінде жүзеге асыру, алға қойылған міндеттердің орындалуын қамтамасыз ету және тиісті салалар бойынша нақты жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу мәселелері талқыланды.
Мәжіліс қорытындысы бойынша аудан басшысы Айтбай Жандарбеков жауапты сала басшылары мен кент және ауылдық округ әкімдеріне Жолдауда айқындалған міндеттерді басшылыққа ала отырып, тиісті бағыттар бойынша жұмыстарды үйлестіруді және белгіленген тапсырмалардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

