Kyzylorda-news.kz. 21 ғасыр білім мен ғылымды талап ететін заманда мектепте оқытудың түрлі әдіс-тәсілдерін қолдану арқылы өскелең ұрпаққа жан-жақты білім беру маңызды. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайының күрт өзгеруі, халық талап-тілектерінің бетбұрыстарына байланысты жаңа ұрпақтың психологиясы да айтарлықтай өзгерістерге ұшырап, оны неғұрлым өмір талабына қарай өзгерту міндеттері қойылды. Осы мақсатта «Ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу» тақырыбында Жаңақорған ауданында семинар өтті.

Семинарды аудандық білім бөлімінің педагог-психолог әдіскері Нұргүл Бадирова ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Айна Абдірахманова мен Сәуле Қожақова «Көңілді сәлемдесуді» паш етті. Әрі қарай психологтар педагогикалық шеберліктерін көрсетіп, тәжірибені жақсарту мақсатында үлгілі сабақтарын ұсынды. 

Сабақтарға қатысқан мұғалімдер жоспарлау, белсенді оқыту тәсілдерін қолданудағы өз білімдерін тереңдетіп, командалық оқыту үлгісін көре алды. Сабақтарға талдау жасау, тілдік дағдыны дамыту аспектілерін айқындауға мүмкіндік берді. Сабақтағы қалыптастырушы бағалау мен оның ажырамас бөлігі – мұғалімнің кері байланысын білікті ұсыну қажеттігін атап көрсетті. 

Одан кейін аудандық №56 орта мектептің психологы Айна Абдірахманова «Нейрожаттығу» әдісімен бөлісті. Іс жүзінде қатысушыларға нейрожаттығуларды орындатып, оң және сол қолмен бір мезгілде жұмыс істеуді дағдыландыруға болатын тәсілдерін көрсетті және нейрожаттығулар жасаудың оқушыға қандай пайдасы бар екендігі де айтылды. 

Ал, №163 орта мектептің психологы Жазира Төлешова, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған білім берудің жаңартылған мазмұнын іске асыру жағдайында инклюзивті білім беру барысын егжей-тегжейлі түсіндірді. 
Атаулы сабақтан кейін №110 орта мектеп «Сыйлық сыйлау» сергіту сәтін өткізіп, қатысушыларды бір серпілтіп алды. М.Қаратаев атындағы №51 орта мектеп психологы Акерке Шатеева «Есту арқылы қабылдау қабілетін дамыту» тақырыбына баяндама оқыды. 

Сонымен қатар, №3 мектеп интернатының психологы Жазира Тұрабаева мен №169 мектеп психологы Сапура Әлібекова ойын терапиясы арқылы тірек-қимылы бұзылған балалардың дене кемістігін қалыпқа келтіруге, түзетуге болатын көрсетті. Бала психикасын дәрісіз емдеу, психотерапиялық құралдардың көмегімен баланың көңіл-күйіне, өзіне, қоршаған ортаға қарым-қатынасын өзгерту, сондай-ақ ауру нышандарын жою мақсатында оның барлық мүшесіне әсер ету әдісін ортаға салды. 

Ал, Баян Сейітова мен Ләйлә Бижекеева да инклюзивті білім берудің халықаралық тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, «Өмірге құштар жандар» тақырыбында тимбилдинг «топпен жұмыс» жасау жұмыстары да жүргізілді.

Бала еліміздің ертеңі екенін ескерсек, әрбір ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалардың сапалы білім алып, азамат болып қалыптасуына жағдай жасау қоғам міндеті болып табылады. Осы ретте, инклюзивті оқыту – ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалардың тең құқығын анықтайды және ұжым іс-әрекетіне қатысуға, адамдармен қарым-қатынасына қажетті қабілеттілікті дамытуға мүмкіндік береді. 
 

6.jpg

Тағы да оқыңыз: