Kyzylorda-news.kz   Ғұмыр жолында жұмыр жүректегі ізгілікті сөндірмей, азық боларлық ақылын аямайтын қарттардың қашан да орны бөлек. 1 - қазан Халықаралық қарттар күні қарсаңында ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінің қызметкерлері қазыналы қарттарға құрмет көрсетуді құп көрді. №1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына арнайы ат басын бұрғаны содан.

Мекеме ұжымы “Қарттар – біздің асыл қазынамыз” тақырыбында концерттік бағдарлама ұсынып, мерекелік іс-шараның тізгінін жеке құраммен жұмыс жөніндегі аға инспектор әділет капитаны Динара Шахи ұстады. Содан соң мекеме  бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары әділет майоры Мирамбек Тұрымбетов және №1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Раушан Ысқақова құттықтау сөз сөйлеп, үлкендерге алғаусыз алғысын білдірді.

Әрі қарай мерекелік мезетті әнмен әрлеп, көңіл қоңырауын қаққан Режим және күзет бөлімінің ақпарат және байланыс тобының бақылаушысы әділет кіші сержанты Ақниет Қалмұратов пен Режим және күзет бөлімінің аға бақылаушысы әділет сержанты Асылжан Әбдішүкір өнерін ортаға салды. Жиналған қарттар да арқа-жарқа болып, билеп, шат-шадыман күйге бөленді.

– Қазақ халқы қашан да үлкенін ардақтап, ақсақалды атасын, ақ жаулықты әжесін берекенің бастауы деп білген. Сондықтан, қартты қадірлеу - азаматтық міндетіміз. Аға буынға тағзым етіп, ақ батасын алатын ізгі дәстүрдің жалғасын үзбей, қарттарымызды қуантуға асықтық. Осылайша мекеме ұжымы жүрек жылуын өнермен
өріп, көңілдің шынайы сыйын ұсынғымыз келді, - дейді мекеме  бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары әділет майоры Мирамбек Тұрымбетов.

Іс-шара соңында қария батасын беріп, қызметкерлерге ризашылығын жеткізді. Мекеме ұжымы құр қол бармай, сый ретінде тұрмыстық техниканы тарту етті. Мұның бәрі қарттарға деген ыстық ықыластың нышаны.

Бұдан кейін де атаулы күндер назардан тыс қалмай, мәнді іс-шаралар өткізіле бермек.

Тағы да оқыңыз: